«Үйленгенімізге дейін қолынан ұстамаппын»: Қыдырәлі Болман жастық шағын есіне алды
Қыдырәлі әйелі Қарақатпен танысқан сәтін есіне алып, сол күннен бастап жұптары жазылмағанын айтты
Белгілі продюсер, әнші Қыдырәлі Болман әйелі Қарақат Әбілдинамен танысқан сәтін есіне алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өнерлі жұп жақында ғана шаңырақ көтергендеріне 25 жыл толу тойын дүркіретіп атап өткен болатын. Продюсер Қарақатпен қалай танысқаны туралы желідегі парақшасында бөлісті.
"Біз танысқан кезімізде Қарақат 18 жаста болатын. Белінен төмен құлаған қап-қара қос бұрымы, қазақы киімі, домбыраны алып, "Сары бидай" әнін шырқай жөнелгенде сұлу жүзі әнімен де, сәнімен де әдемі үйлесіп, ерекше жарасып тұрғаны әлі көз алдымда. Сол күні шұғыл түрде, түнгі 12-де "срочно" консерваторияның жатақханасына жетемін. Сол күннен бастап жұбымыз жазылған жоқ", – деп жастық кезін есіне алды продюсер.
Айтуынша, үш жылдан астам кездесіп жүрсе де Қарақаттың қолынан ұстамаған.
"3-4 жылдай "АБК" тобының концерттеріне ертіп жүріп, эстрада сахнасына бойын үйреттім. Қыр-сырларын үйрете бастадым. Қасыма ерте жүріп, әрі продюсер-ұстазына айналдым. Үйленгенімізге дейін үш жылдан астам бірге жүрсем де, қолынан ұстамаппын. Сахна қозғалысы, сахна шеберлігі, сахна мәдениеті, Нартайдың термесін дайындап бердім. Дәстүрден ақырындап эстрадаға ауыстыра бастадым. "Образ" деген дүниені тірнектеп тізіп, стратегиялық бағытың бойынша бір тізбекке тізе бастайсың. Яғни образ үлкен дуал-кірпіштен қаланған қабырға болса, соның әр кірпішін түзу, дұрыс салып отырсаң, қателеспейсің. Сөйтіп әрі-бері шапқылап жүргенімізде үйленіп, мейірімді Алла бере салғандарымызбен бақытымызды еселеп, алтын асықтай балалармен өмірімізді өрнектеп, өндіріп-өркендетіп, өсіріп, шаңырағымызды бақытқа бөлеген аса қамқор, ұлық Аллаға сансыз мадақтар болсын! Зуылдаған уақытпен, әлі қайда, 25 жылға жеткенше мың жыл бар сияқты сезінетін пендеміз. Уақыт ұйықтамайды, тоқтамайды! Баяу, бірақ бір секунд та тоқтамай, күндіз де, түнде де үзіліссіз сырғып жатқан уақыт. Ей, Алла, адастырма бізді, жарастыр!" – деп жазды Қыдырәлі Болман.