Әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтарды емдеуге ата-анасы Германияға апармақ
Қазіргі уақытта құжаттарды Германияға жіберген, жауап күтуде
Әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтардың еміне қазақстандықтар 227 миллион теңге жинап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Туысқандарының айтуынша, Ербаянды емдеуге Германияға апармақ. Бұл туралы олар Ербаянның Instagram парақшасында бөлісті.
"26 тамызға Ербаян ЭКГ, ЭхоКГ және өкпе рентгенографиясына жазылды. Іркілісті пневмонияның бар-жоғын тексеру керек. Өйткені, Ербаян шалқасынан көп жатқандықтан оның қан тамырларына ауыртпалық түсуі мүмкін. Ең бастысы, Ербаян ұзақ уақыт ұшуға дайын болуы керек. Ертең Германия елшілігіне барып, олар бізге қалай көмектесетінін білу үшін алдын ала қабылдауды сұраймыз, себебі Ербаянды Германияда емдеуге апаруды қажет деп шештік. Әлемнің бірнеше клиникаларына, оның ішінде Германияға да құжаттарды жібердік. Жауап күтеміз. Ербаянның еміне қанша теңге жұмсалатыны белгісіз, себебі емхана әлі таңдалмаған", - делінген парақшада.