«Ойдан шығарылған»: Жанқош Тұраров Әнару Құрманәлінің үстінен арыз түсірді
Жалған ақпарат таратқаны үшін 8 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін жеткізді
Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров өзін зорлады деп айыптаған Әнару Құрманәлінің үстінен арыз түсірген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында спортшының адвокаты Самат Мамутов мәлімдеді.
«Жанқош Тұраров зорлық жасады деген ақпаратқа пікір айтпауымыздың себебі - сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кедергі жасамайық дедік. Бірақ, арызданушы Әнару Құрманәлінің ақпарат құралдарына сұхбат беріп, Жанқош Тұраровтың ар-намысына нұқсан келтірді. Абыройын түсіруге бағытталған әрекеттерден кейін қысқаша сұхбат берейік деген шешім қабылдадық. Арызданушы Әнару Құрманәлінің Жанқош Тұраровқа қатысты арызы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалғаны баршаңызға белгілі. Жанқош Тұраров арызданушы Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген және БАҚ сұхбаттарында айтылғандай зорлық болғанын растамайды. Бәрі жалған. Ойдан шығарылған деп есептейді. Ақиқат орнайтынына сенеді», - дейді Самат Мамутов.
Адвокат егер Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген жайттар дәлелін таппаса, онда ол жалған ақпарат таратқаны үшін 8 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін жеткізді. Жанқош Тұраров Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 201 бабына сай бапты бұзды деп санап, Әнару Құрманәлінің үстінен арыз түсірген.
«Бұдан басқа, арызданушы Әнару Құрманәлі ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201 бабы бойынша «сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеймін» деп 2024 жылдың 20-тамызы күні қолхат берген болатын. Бірақ осы күнге дейін өзінің уәждерін бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат ретінде беріп, халыққа жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікірді өз пайдасына бұру мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қысым көрсететін әрекеттер жасап жүр. Бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына арызданушы Құрманәліге үстінен Қылмыстық 423 бабы бойынша қылмыстық іс тіркеп, жаупақа тарту бойынша өтініш берілді. Яғни, сотқа дейінгі іс жүргізудің деректерін жария еткені үшін», - деді адвокат.