Мәдениет

Журналист: Әнаруды түсінемін. Атағы дардай ақындар оңаша кездесуге шақыратын

Журналист танымал "зиялы" азаматтардың былығы көп екенін жайып салды.

 Журналист Жайнагүл Хамидолла  желідегі парақшасында Әнару Құрманәлінің жағдайына байланысты қоғамда ұқсас былық көбін жайып саалды. Оның сөзінше елге танымал, абыройлы болып жүрген ақсақалдар университет қабырғасындағы жас қыздарға көз салып, кездесулерге, пәтерге шақыратынын айтты, деп жазды Kyn.kz  тілшісі.

"Әнарудың әңгімесі таныс. Өйткені өзіміз де Астанада оқыдық, ақын-жазушы, зиялы қауым со жақта көбірек дегендей. Біріміз өлең шығарып, біріміз жата-жастана өлең оқып, арман қуып бас қалаға оқуға бардық. Небір “зиялының” ел алдында айтып жүргенінен мүлде бөлек жеке әңгімесін де естідік. Атамызбен жасты, атағы дардай ақындар “дауысың жақсы екен, радиоға жұмысқа орналастырып беремін, кофе ішейік” деген сылтаумен оңаша кездесулерге шақыратын. “Алматыдан дос жігіт келіп еді, сен де құрбыңды ерте кел, такси ақысын өзім төлеймін” деп мейрамханалардың мекен-жайын жіберетін. “Ақындар боп отырмыз” деп жап-жас қыздарды пәтерге алдырғандары да болды.

Түнгі клубта кездесетін. ЕҰУ-да жылда жатақхана жыры басталатындықтан “жақсылап орналастырып беремін” деп бильярдқа шақыратын. “Әдебиет - ардың ісі” дегенге тойып алған арманшыл студент қыздар “қой, ол ел білетін, ел сыйлайтын ақын аға ғой” деп бөтен ойға бармастан шақырған жеріне жетіп барып, жағасын ұстап келетін. Айтқан орынын іздеп адасып таба алмай, дер кезінде ес жиғандары да бар. Осы секілді талай оқиғадан соң әдебиеттен жерініп кеткені қанша?

Ақын атаулының бәрі азғын деп отырғаным жоқ, мен жай өзім білетінді жаздым. Әйтпесе солардың біразын әлі күнге әспеттеп, дәл осы фейсбукте төбеге көтеріп отыр. Күндердің бір күні бір қыз шығып дәл әлгі Әнарудың әңгімесін айтса таңғалмаймын. Ал сіздер әдеттегідей қызды кіналап, жұрт алдында жүргенді жақтап шығасыздар.

Ел назарын аудару үшін, басқа үшін десеңіз де, екі адам арасындағы осы бір жағдай қоғамның іріңін көрсетті. Ринат Зайытовтың “сексен пайызын” біраз сынап едіңіздер, енді кеп әлгі батырымыз қажылыққа барған, әйелі оранған деп иманын алға тарта қапсыздар. Бүгінде Меккеге қажылыққа бардым мен Антальяға демалуға бардым деп ешкімді таңғалдыра алмайсыз.

Екінің бірі әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүр. Қазір шекара асу үшін қыруар қаржының да қажеті жоқ. 24 айға бөліп төлеу дегеніңіз бұ жаққа да жеткен. Ел-жер кезіп, екі жыл бойы төлеп жүре бер Сондықтан сырт көзге дін ұстанған боп көрінетіндерді періште санауды қойған жөн. Сырт киімде емес, бәленің бәрі іште. Жүректе, санада.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң әні-міні деп жүргенде адам өлімімен, у-шумен қабылданды. Харрасментке қарсы заң, артынан аңдуға (сталкерство) қарсы заң қабылданады түбі. Міне, аузымен орақ орған Жаңқоштарың сол кезде сабасына келеді.

Ал “ашына болып алып енді мынасы несі” дейтін жұрт ашына болған қыз айыпты да, ашына ұстаған еркек жазықсыз ба сонда?

“Әкесінің айтпағаны жоқ еді, сауап” деген ел, өздеріңіз өсіріп отырған ұл-қыздың тағдыры қандай боларын, ұйытқып соққан жел қай жағынан келерін сіздер де білмейсіздер ғой.

 

“Ару дейтін түгі жоқ, әйел ғой мынауың” деп сырт-келбетіне кетіп жатқандар, анасынан айырылып демеу іздеген көңілден адасқан қыздың қазіргі емес, студент кезіндегі арманға толы жүрегі ән салып тұрған бейнесін көріңіздер.

 

“Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған” деп шыға келетін едіңіздер ғой, жауапкершілігі жоқ әкеден туып, әкесіз өскен, әкенің мейір-махаббатына қанбаған қыз ел мақтаған жігіттің ертегісіне сенген шығар. Бәлкім сүйген шығар.

“Ажырасамын, ұл керек” дегенді айтатын кімдер еді? Айналып келгенде тағы да еркектер ғой.

Ананы-мынаны дұрыстамас бұрын ұлды жауапкершілікке үйретпей бәрі бекер.

Ана заң, мына заң ұнамайды екен, “қатын басқа шыққан екен, психолог-коучтарың елді құртқан екен”, ендеше сауатты, арлы ұл тәрбиеле.

Ана әйелден мына әйелге әрі-бері жүріп, алименттен қашып-пысып, етегі қысқа, шашы ашық қыз көрсе нәпсісіне ие бола алмайтын әлсіздігін “ораныңдар” деген желеумен емес, өзінің ерік-жігерімен жеңетін жауапкершілікті ұл шықпай, бәрі бекер",-деп жазды журналист.