Қостанай облысында күйеуімен ренжісіп қалған әйел орманға кетіп, адасып қалған
Жоғалған адамды ТЖД, полиция қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер іздеді
Қостанай облысында әйел адам күйеуімен ренжісіп қалғаннан кейін орманға кетіп, адасып кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оны іздеуге құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер қатысты. Бұл туралы өңірлік ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Бүгін түнде Әулиекөл ауданы Бағаналы ауылының маңында құтқарушылар жоғалған әйелді іздеуге кірісті. Күйеуімен болған жанжалдан кейін 1981 жылғы әйел адам орманға кетіп, адасып кетті», – делінген хабарламада.
Жоғалған адамды ТЖД, полиция қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер іздеді. Құтқарушылар іздеу иттерін тартты, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақты пайдаланды.
«Әйелді Әулиекөл ауылының №15 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушылары Данияр Айгелов пен Назарбек Брахмет тапты», – деп атап өтті ведомство.
Құтқарылған адамға медициналық көмек қажет емес екендігі атап өтілді.