Қоғам

Павлодар облысында футбол бапкері 10 жасар қызды қонақүйге апарған: Балалар омбудсмені қыздың қазіргі жағдайымен бөлісті

Уәкіл қыздың ата-анасына алғысын білдіргенін жеткізді

Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова футбол бапкері азғындық көрсеткен 10 жасар қыздың қазіргі жағдайын баяндады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Айтуынша, қазіргі кезде қызды жақындары барынша сүйіспеншілікке бөлеуде. Сондай-ақ, уәкіл қыздың ата-анасына алғысын жеткізді.

«Әуелі баланың физикалық және психо-эмоционалдық күйіне назар аудардым. Оларға қазір қандай көмек қажет екенін нақтылап сұрадым. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыру кезінде құқық қорғау органдарына қатысты сұрақтары бар-жоғын анықтадым. Қазіргі кезде қыз үйінде, отбасының жанында, жақындары оны мүмкіндігінше сүйіспеншілікке бөлеп, қамқорлық танытуда. Психологтың жұмысы сұраныс бойынша жүзеге асырылады. Анасы полиция қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалап отыр. Мен 10 жасар қыздың ешнәрседен қорықпай, қысылмай ата-анасына бәрін жасырмай айтып бергеніне таңқалып отырмын. Мұны қыздың анасына да жеткізіп, көпбалалы анаға баласына берген тәрбиесі үшін алғысымды айттым. Өйткені олар балаларының бойында өздеріне, ата-анасына деген сенім деңгейін қалыптастырған. Соның нәтижесінде бала өз отбасының қорған бола алатынын біліп, жағдайды баяндаған. Мен үшін бұл ерлік! Бұл, тіпті, әрбір ересек адамның қолынан келе бермейді», – деп жазды Сәуле Шәкенова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.