Қоғам

Алматыда артық салмақтан арыламын деп көз жұмған ұстаздың жақындары емхананың әлі де жұмыс істеп жатқанына наразылық білдірді

Әйелдің өлімінің себебі – жедел миокард инфаркті деп жазылған

47 жасар Құралай Батырхан 5 шілде күні Алматыдағы танымал емханалардың бірінде артық майын алдырған. Алайда құны 2 миллион тұратын отадан соң, келіншек өзін нашар сезіне бастапты. Ал бірер сағаттардан соң дәрігерлер Құралайдың қайтыс болғанын айтқан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап.

Марқұмның жақындары әділдікті талап етіп, кінәлілердің жазалануын талап етуде. Марқұм ота жасату арқылы артық салмақтан құтылғысы келген. Өйткені соңғы уақытта өзінің салмағы 103 келіге барғанын айтып, жайсыз сезініп жүрген екен. Бауырларының айтуынша, 25 жылдық өтілі бар ұстаздың 5 жыл бұрын жатырын алып тастаған. Келіншек физикалық жаттығулар да жасап, тонус клубына да жазылған. Бірақ ұзақ уақыттан бері артық салмақтан арыла алмаған.

"Өзі бала кезінен толуға бейім. Бірақ соңғы кезде тез салмақ қоса бастады. Қарны салбырап, аяғы ісіп кететін. Өзі де ауырсынып қалатынын, артық салмақ ағзасына кері әсер етіп жатқанын айтатын еді. Сол үшін “майымды сордырамын” деді. Мұны бір ауыр ота деп ойламадым”, – деді Құралай Батырханның анасы Нұрбала Тойымбаева.

Құралайдың сіңлілері пластикалық ота жасайтын емханаларды зерттеп ұзақ іздегендерін айтады. Олардың айтуынша, Amira емханасын барлық блогер мақтап, жақсы пікірлер қалдырған. Сондықтан да осы емхананы таңдаған. Бұл емханада әнші Луина, блогер Карина Оксукпаева пен Әсел Асқар, Ninety One әншілері пластикалық ота жасатқан екен.

Клиника дәрігері Данияр Урмурзин оған ота жеңіл өтетінін айтқан. Екі сағатта аяққа тұрып кетесіз деген. Алайда 7:40 шамасында отаға кірген Құралай 5 сағаттан соң жан тапсырған.

“Оның талдау анализдері жақсы болды, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Оған липосакция және абдоминопластика жасалады деді. Яғни майды сордырған соң артық теріні алып тастайды. Әпкемді шешіндіріп қарады. Осыдан 4 кг аламыз деді. Бұл ота жеңіл өтеді дегесін дәрігерге сендік”, – деді марқұмның сіңлісі Гүлнәр Батырхан.

Отадан оянған соң Құралай сағат 12:42-де күйеуіне жазған. Әлі дәрі қабылдап жатқанын және өзін өте нашар сезінгенін айтыпты. Күйеуі келгенде ол комаға түсіп кеткен.

Әйелдің өлімінің себебі – жедел миокард инфаркті деп жазылған. Кардиолог маман ота жасаған хирургтың науқасты толыққанды тексермегенін жеткізді.

“Әпкеміздің жағдайы қиын екенін біліп, бәріміз емханаға келдік. Алайда олар жедел жәрдем шақырмады. Біз шақырып едік, “мамандардың өзі шақырмаса, біз келмейміз” деді. Біресе қан қысымы көтерілді, біресе қанты жоғарылады деп түрлі нәрселерді айта берді, бірақ нақты түсіндірген жоқ. Не үшін жағдайы нашарлағанын түсірдірмеді. Шамалыдан кейін оның көз жұмғанын айтты. Біз жылап жүрген кезде ескертпестен мәйітханаға денені беріп жіберіпті”, – деді марқұмның бауыры.

Ота жасаған Данияр Урмурзин емханада әлі де қызметін жалғастырып жүр. Өзінің айтуынша, мұндай жағдай басынан алғаш рет өтіп отыр.

Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 317-бабы “Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы” бойынша іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.