«Бетінен тепкен»: қызылордалық оқушы сыныптасын ұрғаны үшін анасы айыппұл төлейтін болды
Әйел сотта мұндай жағдай қайталанбайтынын айтып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келісті.
Қызылордада мектеп оқушысы сыныптасының бетінен ұрып, денсаулығына зақым келтірді. Оның бұл әрекеті үшін анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі облыстық сотқа сілтеме жасап.
Соттың ресми Telegram-каналындағы ақпаратқа сәйкес, бұл іс Қызылорда облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған.
Соттың мәліметінше, оқушы кәмелет жасқа толмаған сыныптасын бір рет бетінен теуіп, дене жарақатын салған. Бұл қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін қасақана жасалған әрекет деп танылған.
Сот әйелдің баланы тәрбиелеу және білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеттерін орындамағанын анықтады. Әйел сотта мұндай жағдай қайталанбайтынын айтып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келісті.
Сот шешімімен әйел ҚР ӘҚБтК 127-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 51 688 теңге көлемінде айыппұл салынды.