Басты жаңалықтар

Іле ауданы әкімі болған Қарасаевтың не үшін ұсталғаны белгілі болды

Ол сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінген.

Алматы облысы Прокуратурасының мәліметінше, Іле ауданындағы қоқыс полигонының қызметін бірлесіп тексеру нәтижесінде әкім сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен қамауға алынды.

"Алматы облысының прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданында орналасқан қоқыс полигонын тексеру жұмыстарын аяқтады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2024 жылғы 3 қыркүйекте Қарасаев Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарына сәйкес сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша күдікпен ұсталды. Оған кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және оларды теріс пайдалану айыптары тағылып отыр, бұл мемлекеттің мүдделеріне зиян келтірген", - деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

4 қыркүйекте прокуратура  бұлтартпау шарасын қарау және санкциялау үшін қылмыстық іс материалдарын сотқа жіберді.

Еске салайық,бұған дейін Алматы облысында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ұсталғаны хабарланды. 

Антикор қызметкерлері әкімді 3 қыркүйекте ұстаған. Қарасаев қылмыстық кодекстің 361-бабы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 362-бабы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша күдікке ілінген. 

Бағдат Қарасаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол Іле ауданын 2018 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келе жатыр. Бұған дейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.