Ұлттық ұланның генерал-майоры Воронкин ұсталды
ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы орынбасарының құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын растайды.
"ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы орынбасарының құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын растайды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттерін құзыретті органдар ІІМ-мен бірлесіп жүргізуде", – делінген хабарламада.
Министрлік өз қатарында сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне төзбейтін принципті ұстанымын білдіреді, осыған байланысты қолданыстағы заңнама аясында объективті және жан-жақты тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.
Воронкин Константин Юрьевич ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары.
Воронкин Константин Юрьевич 1971 жылдың 30 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында дүниеге келген. Ұлты – орыс. Өзбек Социалистік Кеңестік Республикасы Жоғарғы Кеңесі атындағы Самарқанд жоғары әскери автокөлік командалық училищесін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетін, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы академиясының жоғары академиялық курстарын аяқтаған.
Қызметтік жолын Шымкент қаласында взвод командирінен бастаған. Кейін құқықтық тәртіп әскерінде техника және қару-жарақ бағыты бойынша түрлі лауазымдарда қызмет етті. 2011 жылдан бастап Ішкі әскерлер, бұдан соң Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Техника және қару-жарақ басқармасына басшылық жасады.
2020 жылдың 24 қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, ҚР Президентінің 2022 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен "генерал-майор" әскери атағы берілді. Қазақстан Республикасының 12 медалімен наградталған.