Мәдениет

“Өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек”: Балаева Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік танытқан Air Astana әуекомпаниясына қатысты

Әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Air Astana әуекомпаниясы қызметкерінің  әнші Бибігүл Төлегеноваға көрсеткен әдепсіз қылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Аида Ғалымқызы желіде жазба қалдырып, әуекомпания қызметкерлерін жасы үлкен кісіге сыпайы болуға шақырды. 

"Құрметті достар! Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегеновны Air Astana әуе компаниясының бортына отырғызу кезінде болған өте ыңғайсыз жағдай мені де қатты алаңдатты.

Әуе компаниясы бұл мәселе қатысты түсініктеме беріп, әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелері еске салды. Әрине, ұшақтың және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ережелер қатаң сақталуға тиіс. Дегенмен, әуе компаниясымен пікір қайшылығына бармай-ақ, орын алған жағдайға байланысты өз ойымды білдіргім келеді. Нақтырақ айтқанда, әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін. Әсіресе, жасы үлкен жолаушыларға, Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Өйткені аға буынға құрмет – тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі" деп жазды ол.

Ары қарай министр әншіге ізгі тілегін жеткізді.

"Ал қазақ өнерінің бұлбұлы, өнер майталманы Бибігүл Ахметқызына зор денсаулық, ұзақ өмір мен сарқылмас күш-жігер тілеймін!" деді Аида Ғалымқызы.

Айта кетсек, бүгін Air Astana қызметкері мүгедектерге арналған арбада отырған ҚР халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік танытып, бортқа кіргізбей қойғанын жаздық.