Мәдениет

Қалдыбек Құрманәлі: Екеуі бір-біріне ғашық болды

Қалдыбек Құрманәлі Мәдина Ералиева мен Болат Атабаевтың махаббатына тоқталды.

Марқұм әнші Мәдина Ералиева мен режиссер Болат Атабаевтың махаббат хикаясы жайлы сазгер Қалдыбек Құрманәлі "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтты, деп жазды Kyn.kz  тілшісі.

“Мәдина Арсенді күлге аунап туған жоқ. Болат Атабаев – баласының биологиялық әкесі. Оған ғашық болған жігіт көп. Бірақ ол Атабаевты таңдады. Арсенді бәрі Мәдинаның баласы дейді, олай емес. Ол – Болат Атабаевтың баласы. Екеуі ғашық болды. Болат менің жездем болды. Мәдинаны әпке дейтінмін. Болат – үлкен аңызға айналған тұлға, қайраткер, ондай режиссер кемде-кем.

Бірде Мәдина Ералиеваны еске алу кешін Астанада өткізетін болдық. Арсеннің үйіне барып, шаршап, ұйықтап қалдым. Кештің режиссері Болат Атабаев болды. Басында көнгісі келмеді. Сосын «өткен шақпен сөйлеудің қажеті жоқ, балаңыз бар» деп айттым. Арсеннің үлкен ұлы Әлішер кішкентай еді. Қайта-қайта маған келіп, «ата» деп құшақтай береді. Бір күні Болат Атабаевты алып барып, «Әлішер, міне, атаң» деп көрсеттім.

Жұрттың бәрі Мәдина Ералиеваның күйеуін көргісі келеді. Сахнаға шығып сөйлеп, режиссері ретінде Болат Атабаевты ортаға шығардым, көрсеттім. Негізінен Болат деп сәл кідіріп едім, халық түрегелді. Екі Болат бар ғой. Сондықтан Арсенді айтқанда тек анасы мен әкесін де бірге айту керек. Бұл – тектінің ұрпағы», – деді ол.