«Басы ісіп кеткен»: Ақтөбеде төбелестен көз жұмған оқушының туысы оны мұғалімдердің баласы ұрғанын айтты
Туыстары 14 жастағы Нұржан Сыдықтың көңілді жүретінін, қоғамдық шараларға белсенді қатысқанын айтады.
Ақтөбе облысы Қопа ауылында оқушылар арасындағы төбелестен кейін қаза болған 14 жастағы Нұржан Сыдықтың денесі жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмның туыстарының айтуынша, 9-сыныпта оқитын ұлдарын 10-11 сынып оқушылары ауылдың шетіне шақырып ұрған. Ата-анасы жеткенде баласының жансыз денесін ғана тапқан.
“Топтасып жасалған әрекет. Сол топтағылардың бәрі жауапқа тартылсын. Бауырымды шығарып жатқанда бір ата-ана баласын ертіп, кешірім сұрап келді. Ол “мен де ұрдым” деп кешірім сұрады. Кінәлі тек екі бала емес. Жоғары сыныпта оқитын 5-6 бала ұрып тұр. Ішінде бесеуі мұғалімнің баласы. Нағашы ағасы аудандық полиция бөлімінде істейтін бала бостандықта жүр. Өзі кішкентай ауыл бәрі біледі. Ол бала үнемі ауыл балаларына әлімжеттік жасап жүреді. Өзі мұғалімнің баласы. Қасында болған балалардың бәрі соның ұрғанын айтып отыр”, – деді марқұмның апасы Мереке Қалдыбаева.
Марқұмның апасының сөзінше, қайғылы оқиға орын алар күні кешкісін баланы сыныптастары ертіп алып кеткен.
“Сағат 23:00 шамасында оның талып қалғандығы туралы хабар жетті. Ауылдың шетіне апарып балалар сабаған. 9 сынып ұлдарын 10-11 сынып балалары шақырып ұрған. Бәрі ұрып шыққан. Боксер бала екі соққы бергенде құлаған. Күре тамыры үзіліп, басы ісіп кеткен. Қазір екі баланы ғана қамады. Нағашы ағасы полицияда істейтін бұл бала ұрса да күдіктілер қатарынан қалай шығып қалады? Бұл таныстары бар отбасы. Бізге әділдік керек. Барлық бала жазасын алсын. Азғантай ғана 250 баласы бар мектеп тәртіп қайда, ауылдың участкелік полиция қызметкері ешқандай жұмыс жүргізбейді. Бұған дейін де бауырымды тарих пәні сабағында мектеп практиканты мойнынан қылқындырып, жазасыз қалды. Ата-анасына бұл туралы айтпаған. Тексерсін бәрін”, – деді марқұмның апасы Мереке Қалдыбаева.
Туыстарының қолында куәгерлердің оқиғаны баяндағын аудио жазбасы жүр. Онда баланы бірнеше рет ұрғаны айтылады.
“Нұржан қорылдап, талып жатқан. Мүмкін аман қалар ма еді. Бірінші ұрғанда-ақ талдырып тастаған. Есін жиғанда қайтып ұрған. Нұржанды бәрі сүйреп апарған. Бұрын мектепті бітіріп кеткен Әзиз деген бала сол жерге машинамен келгенде бәрі жан-жаққа қашқан. Жедел жәрдем шақырған. Ауа жұтсын деп Нұржанның өкпесінен басқанда мұрнынан қан шыққан”, – делінген жазбада.
Туыстары 14 жастағы Нұржан Сыдықтың көңілді жүретінін, қоғамдық шараларға белсенді қатысқанын айтады.
Аталған жағдайды бас прокурор жеке бақылауына алатынын хабарлаған. Қазіргі уақытта Қопа ауылдық мектебі директорының өз еркімен жұмыстан шыққаны белгілі болды.
“Мектеп директоры оқиға орын алғанға дейін отбасы жағдайына байланысты жұмыстан босату жөнінде арыз жазған сол себептен өз еркімен жұмыстан шықты”, – деді Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Білім басқармасының мәліметінше, мектеп директоры бұл қызметті 9 жыл атқарған.