Сағат белдеуін ауыстыру: Депутаттар мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Халық бұрынғы сағаттық белдеуді қайтаруды талап етеді
Депутаттар қазақстандықтарға бейнежолдау жасап, елде бұрынғы сағаттық белдеуді қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Amanat партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Бұрынңы уақытты қайтаруға Мақсат Толықбай, Ринат Зайытов, Нұртай Сабильянов, Лұқбек Тұмашинов және Самат Нұртаза ұсыныс тастады.
"Біз арнайы мәлімдеме жасағымыз келеді, ол көптеген азаматтардың шағымдары мен өтініштеріне негізделген. Өңірлерге сапарлар барысында, әсіресе Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында, ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі сағаттық белдеуді өзгерту болды. Бұған менің әріптестерім куә. Халық бұрынғы сағаттық белдеуді қайтаруды талап етеді. Мүмкін, бұл белдеу Қостанай, Қызылорда және Батыс Қазақстан үшін ыңғайлы шығар, бірақ Шығыс Қазақстан үшін тиімді емес. Бізде Шығыс Қазақстанда таңғы екі жарымда таң атып, адамдар сиырлардың мөңіреуінен оянады, ал бес-алты шамасында қараңғылық түседі. Мұндай жағдайда екінші және үшінші ауысымдағы оқушыларға үйлеріне қайту қиын. Ауылдық жерлерде көше жарығы жоқ, бұл мәселені одан әрі ушықтырады", – деді депутат Мақсат Толықбай.
Депутаттың айтуынша, Amanat партиясы Парламенттің пленарлық отырысында арнайы тыңдаулар өткізеді.
"Еліміздің аумағы кең болғандықтан, сағаттық белдеуді ауыстыру мәселесін географиялық ерекшеліктерді ескере отырып, алдын ала зерттеу керек еді. Біз оның денсаулыққа қалай әсер ететінін және қанша энергия артық жұмсайтынымызды ескеруіміз керек. Сондықтан бүгін біз фракцияның отырысын өткіздік. Үкімет мүшелерін, ғалымдар мен сарапшыларды шақырып, жиналыс өткіземіз. Егер нақты ұсыныстарыңыз болса, біз оларды бірге талқылап, үкіметтің түпкілікті шешім қабылдауына ықпал етуге тырысамыз", – деп қорытындылады мәжілісмен.