Қоғам

Ырғызда 51 отбасы салынған жаңа үйлерге көшті

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының орталығы – Ырғызда 51 үй қолданысқа берілді.

 Үш айға құрылысы созылған барлық үй бекітілген үлгі жобада салынды. Үш бөлмелі үйлердің ауданы – 80 шаршы метрден,-деп жазды Kyn.kz  тілшісі.

Көктемгі су тасқынынан кейін баспанасыз қалған ырғыздықтарға үйлердің кілттері бүгін салтанатты жағдайда табыс етілді.  Бұған дейін кейбірі эвакуациялық пунктте, енді бірі тума-туыстарының үйінде тұрып келген олардың қуаныштарында шек жоқ.

Жаңа қоныс иесі, Ырғыз ауылының тұрғыны Жібек Орынбасар үйіне әжелер шашу шаша келді.

«Міне, көптен күткен шаңырағымызға кірдік, кілттерін табыстап жатыр. Үй іші өте кең, керемет, жарық. Осы уақытқа дейін қолдау білдірген облыс және аудан басшылығына және «Қамқор Ақтөбе 2024» қорына өз алғысымды білдіремін», - деп  Жібек Орынбасар қуанышын жасырмады.  

Ауданда тасқыннан кейін барлығы 120 үй салуға шешім қабылданған. 16 мердігер компания Ырғызда – 51, Нұра ауылының Сарыоба жерінде – 63, Мамырда – 6 салуды міндеттеріне алған. Ал үйлерді салуға «ERG» компаниясы демеушілік етті. Сондай-ақ, 41 ырғыздық екінші нарықтан үй сатып алса, 7 отбасыға баспаналарын жөндеуге қаржы бөлінді.

Кілттерді салтанатты табыстау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев құттықтау сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Бірінші және қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып алдық. Және де 500 тұрғын үй салып жатырмыз. Бұл ретте табиғи апаттан жапа шеккендерді баспанамен қамтуға демеушілік қолдау жасап жатқан еліміздегі ірі компанияларға, кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз. Бүгін, міне, Ырғыз ауылынан 51 үйді сіздердің игіліктеріңізге беріп жатырмыз. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз құт-берекеге толсын!» - деді ол.

Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов, ERG және «Қамқор Ақтөбе 2024» қорының өкілдері де сөз алып, үй иелерінің қуанышына ортақтасты.

Ақтөбе өңірінде күні бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен 513 отбасыға үй берілді. 4 мыңнан астам отбасыға 1,6 миллиард теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілсе, 3495 отбасының мүліктік шығындары өтелді.