Қоғам

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен Құмсай ауылында тұрғындар жаңа үйлердің кілттерін алды

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда.

 Бүгін Темір ауданының Құмсай ауылындағы 21 отбасы жаңа баспаналарына көшті.  Үш бөлмелі, ауданы 80 шаршы метрді құрайтын үйлер тұрғындардың ортақ шешімімен ауылдың биік жерінен салынды. 

Баспаналардың кілтін салтанатты түрде табыстау рәсіміне облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев, мердігер компания өкілдері қатысып, құмсайлықтарды қоныстойларымен құттықтады. Әр жаңа қоныс иесіне тұрмыстық техникалар тарту етілді.

«Кешегі көктемгі су тасқыны кезінде осы ауылға келгенімізде, халықтың көңіліндегі кірбіңі мен жанайқайын көрген едік. Қаншама тұрғын баспанасыз қалды.  Осындай жағдай еліміздің аймақтарында да болды. Сол кезде Мемлекет басшысы, облыс әкімі, аудан әкімі халықтың ортасында бола білді.  Халықтың көкейінде «Біз не істейміз, қайда барамыз, болашағым не болады деген» үлкен сұрақ болғаны рас. Қазір, міне, қуанышты күнге жетіп, жаңа тұрғын үйге көшіп жатырсыздар. Қуаныштарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын»,- деді жерлестерін құттықтай келген облыстық мәслихат депутаты Боран Ізбасов.

Темір ауданында көктемгі су тасқыны кезінде Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші, Шитүбек ауылдарындағы 98 тұрғын үй суға кетті. Жүргізілген техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының нәтижесінде, 224 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 41 үй жөнделді. Сондай-ақ, үйлері апаттық деп танылған 36 отбасыға қайталама нарықтан үй сатып алынса, 21 құмсайлыққа жаңа үйлер салынды. 63 отбасы бүлінген жылжымалы мүліктері үшін 26 млн теңге ақшалай көмек алды. 

Құрылыс жұмыстарын «Мұгалжар Строй» ЖШС және «Tаf Company» ЖШС жүргізді.

«Биылғы көктемгі су тасқынының қарқыны қатты әрі су көлемі көп болды. Өңірде болған төтенше жағдай кезінде су тасқынының салдарын жою және оған қарсы іс-шараларды өткізуге белсенді атсалысып, шыдамдылық танытқандарыңызға алғысымды білдіремін. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын, жаңа шаңырақтарыңызға құт-береке, бірлік тілеймін» - деді Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев.

Салтанатты шарада тұрғындар өз қуаныштарымен бөлісіп, ұйымдастыру және құрылыс жұмыстарына жауапты болған азаматтарға алғыстарын білдірді.

 

«27 наурыз күні Құмсай ауылымызды су басып, әбігерге түскеніміз есімізде. Міне, ол күндер артта қалып, жаңа үйіміздің кілтін алып қуанышқа бөленіп отырмыз. Облыс, аудан басшыларына, мердігерлерге өз алғысымызды білдіреміз. Межеленген уақыт ішінде үйімізге кіргізді, уәдесінде тұрды, рақмет», - деді Құмсай ауылының тұрғыны Гүлзада Жұмабекқызы.

 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ойыл, Қобда, Ырғыз және Мұғалжар аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге салынған 350 жаңа үйдің кілті табысталды. Қалған 129 баспананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, 513 отбасы дайын үйге көшті. Өңірде табиғи апаттан үйсіз қалғандар саны – 1013.