Қоғам

Үйіне уақытында келмеген: Ақтөбеде ер адам әйелін қызғаныштан пышақтап тастады

Сот айыпталушыны кісі өлтіру қылмысы үшін кінәлі деп танып, оған 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Актөбе облысының Мәртөк ауылында 21 маусымда күйеуі өз әйелін қызғаныштан пышақтап, өлтірді. Оның жақ сүйегін және бұғанасын сындырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

21 маусымда кешкі сағат 22:00 шамасында ер адам балаларын ұйықтатып, әйеліне қоңырау шалып, қайда жүргенін және қашан үйге келетінін сұрай бастаған. Әйелі әріптестерімен қыдырып жүргенін және кейінірек келетінін айтқан. Біраз уақыттан кейін ер адам терезеден әйелінің көліктен түсіп, аулаға кіргенін көрген. Ішімдік ішіп алған күйі ол ас үйден пышақ алып, аулаға шығып, әйелін балағаттай бастайды.

Ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Ер адам әйелін шашынан ұстап алып, мойнына пышақ салып, ол құлағаннан кейін денесінің әр жеріне бірнеше рет пышақ жарақатын салған.

Кейін сарапшылар марқұмның денесінен көптеген пышақ жарақатын, жақ сүйегі мен бұғанасының сынғанын анықтаған. Алған жарақаттарынан әйел сол жерде қаза тапқан.

Ер адам көршісі мен марқұмның анасы жүгіріп шыққаннан кейін ғана тоқтаған. Сотта сөз сөйлеп, сол қайғылы кеште марқұм бірнеше рет қоңырау шалып, балаларын тексеруді сұрағанын және қаладан ауылға такси таба алмай жүргенін айтқанын баяндады.

Сотталушы өз кінәсін мойындап, әйелін қызғаныштан өлтіргенін айтты. Қаза тапқан әйелдің анасы балаларға қамқорлық жасауды өз мойнына алған және соттан бұрынғы күйеу баласын қатаң жазалауды, сондай-ақ моральдық өтемақы ретінде 100 миллион теңге өндіруді сұрады.

Сот айыпталушыны кісі өлтіру қылмысы үшін кінәлі деп танып, оған 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар ол бұрынғы енесіне 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндетті. Ер адамның бұрын тонау үшін сотталғаны атап өтілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.