Көшпенділер ойындарында күрескен қазақ балуандары сегіз алтын медальға ие болды
3 қыркүйекке дейін жалғасатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2430 спортшы қатысып жатыр
Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен алғашқы жарыс күнінде қазақстандық балуандар сегіз алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен қазақ күресінен финалдық кезеңде қазақстандық сегіз балуан күресіп, бәрі де алтын медаль еншіледі.
Ерлер арасында Бекжан Төлепов (55 кг), Мейіржан Берекетов (60 кг), Дидар Тұқышов (66 кг) және Жұмажан Қожамбеков (74 кг) алтыннан алқа тақты. Ал әйелдер арасында Айжан Жылқыбаева (48 кг), Назерке Азаматова (52 кг), Рауза Нұрмахамметова (56 кг), Бақыт Куссакбаева (60 кг) жеңімпаз атанды. Ертең, 10 қыркүйекте қазақ күресінен екінші жарыс күні өтеді. Ерлер 82 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг, ал әйелдер 65 кг, 70 кг, 77 кг, +77 кг салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетейік, 13 қыркүйекке дейін жалғасатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2430 спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 261 спортшы қорғайды. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.