Қоғам

Уақыт белдеуін қайтару: Үкімет депутаттардың ұсынысын қарауға уәде берді

Тамара Дүйсенова уақыт белдеуінің ауысқанына бір жыл да өтпегенін айтты

Үкімет отырысында вице-премьер-министр Тамара Дүйсенова Amanat партиясы депутаттарының бұрынғы сағат белдеуін қайтару туралы ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

"Соңғы 10 жыл бойы біз басқа уақыт белдеуіне көшу мәселесін талқыладық, мамандар мен сарапшылардың тобы жұмыс істеді. Өткен жылы бұл мәселені талқылап, біртұтас уақыт белдеуіне көшеміз деп шешім қабылдадық. Енді депутаттық корпус мәселе көтерді. Оны талқылап жатыр, өз ұсыныстарын айтады.

Бірақ, уақыт белдеуін ауыстырғанымызға бір жыл да өтпеді, бұл ауысудың салдары қандай болатынын ойластыру керек шығар", - деді Дүйсенова.

Сонымен бірге ол денсаулық сақтауда немесе электр энергиясын пайдалануда күрт өзгерістер болмағанын айтты.

 "Сондықтан олардың ұсыныстарын қарастырайық, олар бұл ұсыныстарды қалай негіздейді, содан кейін біз осы мәселелермен айналысатын тиісті мемлекеттік органдар арқылы береміз", - деді Дүйсенова.