Қоғам

Маңғыстау облысында сарбаз көз жұмды: әкесі ұлының өліміне қатысты тың дерекпен бөлісті (ВИДЕО)

Марқұмның әкесі қолында бір сарбаздың ғана басқаша сөйлеген аудиосы барын айтты

Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында бетіне оқ тиіп көз жұмған 19 жастағы сарбаздың әкесі Ербол Бақұлов тың ақпарат айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Марқұмның әкесі ұлымен бірге әскери борышын өтеп жатқан сарбаздармен сөйлескен. Айтуынша, оларды қорқытып тастаған.

«Мені, ұлымды және туыстарымды қолдағанын қалаймын. Ұлымның өліміне байланысты сот отырысы Бишімбаевты соттағандай ашық өтсе екен деймін. Кеше баламмен бірге әскерде болған жолдастарымен сөйлестім. Олар ұлыма оқ тиген уақытта полигондағы палаткада бірге болған. Мен оларға сұрақ қойғанда көздерін ала қашты, дұрыс жауап бере алмады. Адамның көзі ешқашан алдамайды. Олар бала ғой, қорқытып тастаған. Бәрі бір әңгімені айтады», -деді марқұм сарбаздың әкесі. 

Марқұмның әкесі қолында бір сарбаздың ғана басқаша сөйлеген аудиосы барын айтты.

«Қазіргі кезде менде бір аудио бар. Қазір жариялаймын», - деп аудионы қосады.

«Бірінші рет көздегенде жай ғана «тық» еткен дауыс шықты. Сосын қайтадан күшпен оқтап, Маратты көздеді. Оқтың дауысы шыққан. Ол кезде Марат Дамилмен сөйлесіп тұрған еді», — деп айтылған аудиожазбада.