Мәдениет

"Қай бейбақ бақытыңның көшін бұзды?": Серікзат Дүйсенғазы Мақпал Жүнісоваға қолдау білдірді

Ол желідегі парақшасына ақын Қалқаман Саринның Жүнісоваға арнаған әнін жүктеді.

Соңғы күндері қазақтың ерке қызы атанған Мақпал Жүнісованың видеолары желіде тарап, оны даттайтындар мен қоштайтындар арасында дау жүріп жатыр. Бірі әншінің жанын түсінсе, енді біреулер қылығын болжап, әр сөзінен шалыс басқанын бетіне басып әлек. Ал ақын Серікзат Дүйсенғазы өнер адамының ішіне үңіліп, жанын ұғу көпшіліктің бойынан табыла бермейтін асыл қасиет екенін айтқандай, деп жазды Kyn.kz тілшісі.

 "Қалқаман Саринның он жыл бұрын жазылған осы өлеңінде әншінің тағдыр тәлейі, болмыс-бітімі жырмен керемет өрілген.

"Қайыр жоқ жердегі көп пенделерден,
Қайғыңды көктегі тек құс бөлісер".

Осы екі жолда барлығы тұрған жоқ па?

МАҚПАЛ ЖҮНІСОВА ТУҒАН КҮН!

Күнімен күміс қанат жаусын ақ қар,
Түнімен тұрсын жанып шамшырақтар.
Әуенге бір ғажайып бөлеп бізді
Әлемге келген күн бұл - әнші Мақпал!

Әдемі ән айдынның аққу құсы,
Басынан кетпесе екен бақтың күші.
Шырайы сахнаның ерке Мақпал
Шынайы шіркін, қандай, шат күлкісі!

Бұл күнде күлкісінен басым мұңы,
Тиген соң талайлардың тасырлығы.
Наданның дәурені озып бара жатыр
Адамның артта қалып асылдығы.

Азғындар бола алмастан арлыға жұп,
Амалсыз жаралайды жанды нәзік.
Сағынған елді көрдім сізді Мақпал,
Әншісін іздегендей ән құлазып.

Санаңа сансыз сауал, сұрақ тұнып,
Сырыңа көрген кім бар құлақ түріп?
Жабыққан жаныңменен, әніңменен,
Жұбаттың қанша жанды жылап тұрып.

Көлденең көкаттылар дос тұтқандай,
Сыртыңнан жүре алмады көп сұқтанбай,
Тыңдаған жан біткенді түршіктірер,
Даусыңда өкініш пен өксік бардай.

Қаныңды қамсыз қоғам күштеп ішер,
Тарқамас жылағанмен іштегі шер.
Қайыр жоқ жердегі көп пенделерден
Қайғыңды көктегі тек құс бөлісер...

Қай бейбақ бақытыңның көшін бұзды,
Қай бейбақ көпсінді екен кешіңді ізгі?
...Ел қайда еркелетер есіл қызды?
Қайтейін, кешір, Мақпал!
Кешір, бізді!",-деген өлең жолдарды  Серікзат Дүйсенғазы желідегі парақшасына жүктеді.