Үйінің ауласында ойнап жүрген: Жетісу облысында үш жасар бала жоғалып кетті
Баланың денсаулығында кінәрат бар
Жетісу облысында үш жасар бала төрт күннен бері іздестірілуде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.
Кішкентай Алдияр 7 қыркүйек күні Көксу ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүріп жоғалып кеткен. Анасының айтуынша, ол бірнеше минутқа ғана қасынан кетіп қалған, қайтып келгенде бала ойнап жүрген жерінде жоқ.
Сәбиді іздеуге полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Сонымен қатар, іздеу жұмыстарына қатысу үшін облыстың барлық аудандарынан еріктілер қосылуда.
Жоғалған күні Алдияр ақ жемпір мен қара шалбар киген. Баланың бойы 60-65 сантиметр. Шашы ашық қоңыр. Баланың денсаулығында кінәрат бар.
«Іздестіру жұмыстарына 400-ге жуық адам қатысуда, полиция бөлімінен 80 адам, Ұлттық ұланның әскери бөлімінен 100 адам, Төтенше жағдайлар департаментінен 15 адам және жергілікті атқарушы органдардан 15 адам, еріктілер келіп жатыр», - деді ПД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Қайсар Мұхметов.
Үш жасар Алдиярдың қайда екені туралы ақпарат білгендер болса, 102 немесе 8 747 271 2124 нөміріне хабарлассаңыздар болады.