Тоқаевтың әпкесі Қазақстанның ең ықпалды әйелдері тізіміне енді – Назарбаевтың қыздары бұл тізімде жоқ
Дариға Назарбаева Қазақстанның ең бай 75 бизнесмендерінің ішінде 15-ші орында тұр, оның байлығы $590 млн-ға бағаланады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әпкесі Қарлыға Избастина Forbes Woman Kazakhstan жасаған елдегі ең ықпалды әйелдер рейтингінде орын алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Басылымның мұндай тізімді алғаш рет жариялауы. Избастина бұл тізімде 17-ші орынды иеленді. Ол әкесі Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының құрылтайшысы болып табылады.
Бұған дейін Meerbusch және Kazakhstan Tungsten & Molybdenum Company компаниялары арқылы бизнеспен айналысқан. Қазақстанның ең ықпалды әйелдерінің алғашқы рейтингінде барлығы 25 қатысушы болды, олардың орташа жасы 51-де. Лонг-листке елдегі белгілі және ықпалды 110 әйел кірді, олардың арасынан 42-сі іріктеліп алынды. Осы тізімді сарапшылар алты балдық шкала бойынша бағалады.
Forbes Woman Kazakhstan редакциялық директоры Зүлфия Хайбулинаның айтуынша, рейтингтің көшбасшысы болып Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова тұрғаны ешкімді таң қалдырмайды.
Шаяхметовадан басқа қаржы секторында рейтингке енгендер қатарында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова (2-ші орын), Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова (5-ші орын), KASE басқарма төрайымы әрі директорлар кеңесінің мүшесі Әлина Алдамберген (11-ші орын) және басқалар бар.
Рейтингте үкіметтен де әйелдер орын алған. Мысалы, 4-ші орында қазіргі кезде мәдениет және ақпарат министрлігін басқаратын Аида Балаева тұр. Сондай-ақ тізімде іскер әйелдер де бар. Мысалы, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы және Lancaster Holding құрылтайшысы Гүлнар Досаева 18-ші орынға ие болған.
Сонымен қатар, бұл тізімде елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі қызы – Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева жоқ. Олар Forbes.kz нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай адамдарының тізіміне кіреді. Дариға Назарбаева Қазақстанның ең бай 75 бизнесмендерінің ішінде 15-ші орында тұр, оның байлығы $590 млн-ға бағаланады. Ал Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге екінші орында тұр. Олардың әрқайсысының байлығы $5 млрд деп бағаланады.