«Балаларыңызды сақтаңыздар»: Маңғыстау облысында бетіне оқ тиіп көз жұмған сарбаздың әкесі қазақстандықтарға үндеу жасады (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 қыркүйек, 2024
- 517
Маңғыстау облысында мерзімді әскери борышын өтеп жүріп көз жұмған Марат Барқұловтың әкесі қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы блогер Дамир Кушеев желідегі парақшасында бөлісті. Марқұмның әкесі ұлының әскерге қуана барғанын айтып, бірақ бір жыл болмай табытпен оралғанына күйінді.
«Бұл Қорғаныс министрінің, орынбасарлардың, бүкіл басшылықтың, Батыс округінің бас қолбасшысының жұмысының нәтижесінің көрінісі. Адамгершілікке жатпайды, заңға қайшы дүние. Оқ атқан адамнан бастап, ел әскеріндегі тәртіпсіздікке жауапты адамдардың барлығын жазалауды ұсынамын. Баланы әскерге жібердік, өзі қуана-қуана барған еді. Бірақ жарты жыл өтпей, осындай жағдайға тап болдық. Мен барша қазақстандықтарға, аналарға, әкелерге, ұлдарға, інілерге, аталар мен әжелерге үндеу жасаймын: балаларыңызды бассыздықтан сақтаңыздар», - деді марқұм Марат Баркұловтың әкесі.
Қабір басында марқұмның әкесіне көңіл айтқан блогер баланың денесін әкелген әскерилердің зиратқа келмегеніне ашуланды.
«Марат әскерге болашаққа деген үмітпен және сеніммен кетті. Бірақ қайтып келгенде табытпен оралды. Баланың денесін алып келген әскерилер тіпті зиратқа дейін келуді білмеді. Олардың шұғыл істері пайда болыпты. Мынадай жағдайда қазір одан маңызды не болуы мүмкін? Бұл әскердің жас жігіттерге деген қатынасының көрсеткіші. «Отан алдындағы борыш» деген әдемі атау халықтың арасында көптен бері жағымсыз нәрсемен байланысты», - деп жазды блогер.