Саясат

«2030 жылы соғыс болады»: Ермұрат Бапи қорғаныс министрлігіне бөлінген қаржы мөлшеріне наразылық білдірді

Жалпы ішкі өнімнің қанша бөлігін қорғаныс министрлігіне бөліп отырсыздар?

Қаржы министрлігі бүгінгі мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды. Осы тұрғыда депутат Ермұрат Бапи қорғаныс саласына қаржы аз жұмсалатынын алға тартты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ермұрат Бапи Украинадағы жағдаймен салыстырғанда Қазақстанның қорғанысқа тым аз ақша жұмсайтынына наразылық білдірді.

"Бюджеттегі тапшылық! Кепкен тулақ сияқты дүние ғой. Ешкінің кепкен терісі сияқты – былай тартсаң былай жетпейді, былай тартсаң былай жетпейді. Екі жаққа тартсаң жыртылып, айырылып кетуі мүмкін. Егер біз геосаяси тәуекелдерді есепке алсақ, осы тапшылықтың бәрі түкке тұрмай қалады. Сондықтан, мен ұлттық экономика министрлігінен сұрайын дегенім – қорғаныс саласына бөлінген сома көрсетілді. Бірақ бұл сандар бізге ешнәрсені көрсетпейді. Украинадағы жағдаймен салыстырғанда… Жалпы ішкі өнімнің қанша бөлігін қорғаныс министрлігіне бөліп отырсыздар?, – деп сұрақ қойды Ермұрат Бапи.

Оның айтуынша, мамандардың есебі бойынша 2030 жылы соғыс болады. Соған байланысты бюджеттегі қаржыны әлі де талқылауды ұсынды.

"Биылғы бюджетте 0,8, келесі 0,4% дейсіз. Бұл не қаржыландыру? Кім жауап береді? Қорғаныс министрлігі қазір біздің қауіп-қатер – мамандардың есебі бойынша 2030 жылы соғыс болады. Сондай тәуекел бар. Ол, тіпті, біздің қорғаныс ведомствосында сондай болжам бар. Әлемдік сарапшыларды есепке алмағанда! Осындай жағдайда біздің қорғаныс саласына 0,4% – бұл не? Не "заговор" бұл? Қайдан шыққан есеп бұл? Біз мұны әлі көтереміз! – дейді Ермұрат Бапи.