«Әулеттің 22 адамын тербеген»: Димаш Құдайберген жатқан бесік мұражайға қойылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 қыркүйек, 2024
- 332
Әнші Димаш Құдайбергеннің сәби кезінде жатқан бесігі мұражайға қойылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы журналист Бауыржан Бабажанұлы бөлісті.
“Құдайберген аға мына бесікті 1970 жылы Қанат Айтбаев дүниеге келгенде арнайы жасатыпты. Кейін Димаш та осы бесікке бөленген. Әкелі-балалы екеуі ғана емес, осы әулеттің 22 адамын тербеген құтты бесік бұл! Бүгін Ұлттық музейде Димаштың шығармашылығына арналған көрме ашылды. Көрмеге келген жұртта есеп жоқ. Көбі шетелдіктер. Олар біздің ұлдың әрбір басқан қадамына үңіліп жатыр. Көрме 6 қазанға дейін созылады. Келіңіздер, көріңіздер!, – деп жазды медиа маманы.
Айта кетсек, 13 және 14 қыркүйекте "Астана Арена" стадионында Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтеді. Концерт өтетін жерге баратын арнайы автобустар ұйымдастырылады. Өйткені ол жаққа жеке көлікпен кіруге тыйым салынады. Автобустар сағат 17.00-ден бастап жүреді.