“Еңбегі сіңген қайраткер” атағын қимады-ау»: Бейжан Тұрыс марқұм әріптесі Үсіпхан Сейтімбетке жазба арнады
Өзің еңбек еткен ұжымың ұсынғанымен жоғары жақтың өз таңдауы басқа ма, қайдан білейін, естілерді кейін қалдырып, есіріктерді алға оздырғанда “ұтқанымыз” осы болды
Танымал актер Бекжан Тұрыс күні кеше өмірден озған Үсіпхан Сейтімбетке арнап жантебірентерлік жазба арнады. Ол әріптесінің өнерде бағаланбай атақсыз кеткеніне күйінді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол әріптесінің тірі күнінде еш атақ ала алмағанын айтып, одан кешірім сұрады. Айтуынша, актер көп нәрсені айта бермейтін, бәрін ішінде сақтайтын адам болған.
«Өмір атты дүрия-дүрмектен тағы бір әріптесіміз өтті… Ажал келсе, аял бермес, адам ғұмыры шыны шөлмектей ғой, болымсыздан сызат түсіп, болжаусыздан сынады…
Қайран Үсеке, алпыс екі тамырыңда қазақы қан мен уақыт рухы жарыса ойнаған әділдікке бағыттаған өрісің оң, адалдық пен тазалықтың, кісілік пен кішіпейілдіктің өнегесі едің. Ешкімнің жүрегіне қаяу салмай, өзіңді қоршаған адамдарды аялап, үнемі достық пиғылда жүретін ер-азаматқа тән мінезің қазақ жігіттерінің келбетін кестелеп тұратын еді. Кеңестік кезеңнің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне, тұйық саясатына қарсы жалаңаш денеңді тосып, еліңнің азаттығы үшін қалай күрескеніңді білмегендерге айып жоқ, білетіндер өнердегі жеңістерің мен жетістіктеріңе көз жұма қарады-ау… Қасқайып қаһарман болғаныңмен жалындаған жастық шағыңның екі жылын желтоқсанның ызғарлы желіне “тоңдырдың”… Тәуелсіздіктің жаршысы болған 86-ның қысы бірде — “оқиға”, кейде “көтеріліс” аталып әділ бағасын ала алмағаны сияқты сенің де өнерде өз биігің бола тұра бағаланбай атақсыз қалғаның… Өзің еңбек еткен ұжымың ұсынғанымен жоғары жақтың өз таңдауы басқа ма, қайдан білейін, естілерді кейін қалдырып, есіріктерді алға оздырғанда “ұтқанымыз” осы болды. Ең болмаса, “Еңбегі сіңген қайраткер” атағын қимады-ау… Зейнет жасына келгеніңде атағы түскірдің бала-шаға марқайып қалуы үшін де керек екенін жай ғана айтып едің… “Атақтың ең үлкені Желтоқсанның қаһарман батыры”, – дегенім, анығында өзіңді, осылай жұбатқаным еді. Қалай тез өте шықты бәрі!? Көп нәрсе ішіңде жүрді, көп нәрсеңді айта бермейтінсің…Өнердегі орның ойсырап қалатынын қайдан білдік…Тарыққан көңіліңе кеңшілік көрсете алмасам кешір, Үсеке. Қу тірліктің құлы болып бара жатқанымызды беймезгіл өліміңмен “ескерте” салдың… Мынау сұмдығы көп, шындығы аз заманда сезімтал жүрек сыр берді-ау, қабырғам сөгілді, жаным езілді. Осы жолғы Тәшкен сапары соңғы гастролің болды. Адамның жанына үңілгіміз келмейді, өлгеннен кейін осылай күңіренеміз. Жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығарып жататын құбылмалы және аумалы-төкпелі көңіл күйіңді ұққым келсе де, ұқпаған сияқты болдым ба, білмеймін ғой, жүрекке салмақ салып айықпас мұң сыйлап кеткенің ақиқат. Қош, Үсеке…», — деп жазды ол.