Түркістан облысында ер адам әйел мен оның қызын өлтірді: күдікті ұсталды
Білім басқармасы ұсталған азаматтың білім саласында жұмыс істемейтінін мәлімдеді
Әлеуметтік желіде мұғалім 16 жастағы оқушы қызды қорлап, анасын да өлтіргені туралы тараған болатын. Анасы арыз жазып, ол жұмыстан қуылған. Осыдан кейін ер адам отбасынан кек алу ойын жүзеге асырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жіберілген хабарламада белгісіз біреулер қыздың өлер алдында зорланғанын да жазған. Полиция кісі өлтіру фактісін растады.
Полицейлер Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Күдікті бірден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Тергеуге сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.
Полицейлер кәмелетке толмаған баланы зорлау фактісі расталмағанын айтты. Күдіктіге қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Білім басқармасы ұсталған азаматтың білім саласында жұмыс істемейтінін мәлімдеді.