Саясат

Кәсіпкерден ұлының оқу ақысын төлеуді талап еткен қызылордалық шенеунікке сот үкімі шықты

Ол кәсіпкерден 7 млн теңгеге жақын сома болатын дизель отынын жай беруін талап еткен көрінеді.

Қызылорда қалалық соты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед  Әбсаттаровқа қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Kyn.kz тілшісі.

"Ол бизнес өкілдеріне ұлының оқуына 1,4 млн теңге сомасында ақы төлеу және құны 6,8 млн теңге дизель отынын беру қажеттігі туралы заңсыз нұсқаулар беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды", - деп жазды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз қызметі.

Бұдан басқа, шенеунік өңір кәсіпорындарының сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеу арқылы бизнес субъектілеріне 26,9 млн теңге сомасында залал келтіре отыра заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасағаны үшін сотталды.

Сот үкімімен Әбсаттаровқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, сондай – ақ мемлекеттік награда – "Ерен еңбегі үшін" медалінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.