Әлемде әр 11 минут сайын бір жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайтыны айтылды
БҰҰ Балалар қорының мәліметі бойынша, Орталық Азияда 15-29 жас аралығындағы жастардың өлім себептері арасында суицид үшінші орында
Астанада 17 қыркүйекте БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының серіктестігінде конференция өтті. Іс-шараның басты тақырыбы балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына арналды, деп хабаралайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Іс-шара барысында ЮНИСЕФ өкілдері мен олардың серіктестері Орталық Азиядағы балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мен психоәлеуметтік әл-ауқаты туралы қорытынды мәлімдемеге қол қойды.
Мәлімдемеде әлемдегі жасөспірімдердің 13%-дан астамы диагностикаланған психикалық аурумен өмір сүретіні айтылған.
БҰҰ Балалар қорының мәліметі бойынша, Орталық Азияда 15-29 жас аралығындағы жастардың өлім себептері арасында суицид үшінші орында.
"Әлемде әрбір 11 минут сайын бір жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды. Біз психикалық денсаулықты қорғау қызметтерін денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің барлық деңгейлеріне интеграциялау арқылы психоәлеуметтік әл-ауқатты қолдау қажеттілігін мойындаймыз, сонымен қатар, стрестен төзімділікті арттыру және психикалық денсаулықты нығайту үшін жаңа технологиялық шешімдерді қолдану қажет", – делінген мәтінде.
Конференцияға қатысушылар Орталық Азия аймағына мектептер негізінде психикалық денсаулықты қорғау шаралары қажет екенін айтты. Сонымен қатар, мәлімдемеде психикалық денсаулықты қолдау тек мектеппен шектелмеуі керек екендігі атап өтілген.
"Психикалық денсаулық пен психоәлеуметтік әл-ауқатты нығайту үшін жас балаларға, олардың ата-аналары мен қамқоршыларына қолдау көрсетуді қамтитын көпсалалы тәсіл қажет", — делінген мәлімдемеде.