Қоғам

«Мені өлтіріп жатыр»: Ақтөбеде әйелдің қоңырауына салғырттық танытқан 112 қызметкері сотталды

Іс материалдары бойынша оқиға 2024 жылы 9 маусым күні сағат 12:18 уақытында тіркелді.

Ақтөбеде көмек сұрап қоңырау шалған әйелдің өтінішін жауапсыз қалдырған 112 қызметкері 2 жылға сотталды.  №2 қалалық соты абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық жасады деген айыппен қылмыстық істі қарады, деп KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Анықталғандай “мені өлтіріп жатыр” деген қоңырауды қабылдағанымен қызметкер ешқандай әрекет етпеген.

Жәбірленуші өкілі сотталушыдан 300 мың теңге көлеміндегі материалдық және 5 млн теңге көлеміндегі моральдық шығындарды өндіруді сұрады. Алайда сот бұл талабын қанағатандырмады.

“Әділ Қалидолла қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жәбірленушінің материалдық, моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап арызы қараусыз қалдырылсын”, – делінген сот үкімінде. 

Сндай-ақ, сот Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысына  қызметкердің салғырттығына байланысты заңбұзушылыққа назар аударуды, алдын алу мақсатында жұмыстарды күшейтуді тапсырды. 

Сот барысында филологиялық сараптамаға да назар аударылды. Соттың мәліметінше, жәбірленушіден келіп түскен хабарламада расында да өлтіріп жатқаны және денсаулығына қауіп төніп тұрғаны сөздердің мағынасымен дәлелденген. 

Іс материалдары бойынша оқиға 2024 жылы 9 маусым күні сағат 12:18 уақытында тіркелді.