Саясат

Депутат Нартай Аралбайұлы құлақсыз туған балаларға да мүгедектік берілуін сұрады (ВИДЕО)

Бұл тек ресми тіркелген 3 мыңнан астам баланың әке-анасының жанайқайы, науқас ретінде тіркелмегендері тіптен көп

Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Нартай Аралбайұлы құлақсыз дүниеге келген сәбилерді емдеуге, олардың болашағына қатысты премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішевке сауал жолдады. Ол естімейтін балаларға да мүгедектік берілуін сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Депутаттық сауалында құлағы жоқ болып туылған бала мүгедек болып саналмайтынын айтып, бұған қатысты шара қолдануды ұсынды.

«Бір құлағы жоқ болып дүние есігін ашқан сәбилер мүгедек боп танылмайды. Зейнетақы алмайды. Біздің елде мүгедектік алу үшін екі құлағың да болмауы керек екен. Қазақ «Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» дейді, ал құлақсыз туған бөбектердің жанайқайын естімейтін құлағы бар биліктің ұяты кімге? Микротия және атрезия патологиясының емі бар екен. Құлақтың ішіне ота жасап, есту каналдарын ашып, сыртына табиғи құлаққа ұқсас қалып орнатып береді. Ол – АҚШ-та. Бір құлаққа жасалатын операцияның құны былтыр 99 мың доллар болған. Биыл 105 200 доллар. 1 ай уақытты алатын реабилитация, барып-келу жолы, жатын орын, тамақ дегендерің – аталған ақшаның сыртындағы шығын, – деді ол.

Сонымен қатар, құлағы естімейтін балалардың ата-аналары Үкімтке жүгенігенін, бірақ еш нәтиже шықпағанын жеткізді. Өйткені микротия және атрезия патологиясы бар балалар бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін балалар санатына жатпайды екен.

«Қазақстанда аталған дертті емдейтін маман жоқ, әйтпесе естімейтін баласының жанайқайын билікке естірте алмай жүрген ата-ана Америка асып қайтсін? Бұл тек ресми тіркелген 3 мыңнан астам баланың әке-анасының жанайқайы, науқас ретінде тіркелмегендері тіптен көп, – деді депутат.

Ары қарай құлағы жоқ болып дүние есігін ашқан балаларды емдетуге қатысты өз ұсынысын айтып, оларға мүгедектік берілуін сұрады.