Қоғам

«Жұмысқа тек туыстарын алған»: оңтүстік Қазақстандағы мектептің бірінде тексеріс басталды

Ауыл тұрғындары директордың 14 жыл бойы мұғалім маманына тек өз туыстарын жұмысқа қабылдап келгенін айтқан

Түркістан облысындағы ауылдың мектебіндегі жанжалдан кейін тексеріс жүргізілді. Ханарық жалпы орта мектебінің директоры туыстарын жұмысқа қабылдап, басқа азаматтардың құқықтарын бұзды деп айыпталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұған дейін жергілікті OntustikTV телеарнасына ауыл тұрғындары сұхбат беріп, жергілікті мектеп директорының қызметінен кетуін талап еткен. Олар директордың 14 жыл бойы мұғалім маманына тек өз туыстарын жұмысқа қабылдап келгенін айтқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бос жұмыс орнына байқаудың нәтижесінде жеңімпазды директордың інісімен ауыстырған.

«Олар бәрі әділ қаралып, байқау барлығына ортақ болады деп айтқан еді. Екі күннен кейін мектеп директоры біздің үміткерлерге арналған WhatsApp тобында жеңімпаз оның інісі екенін жариялады», - деді Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жанжалдан кейін өңірдің білім басқармасында тексеріс бастағанын tengrinews.kz тілшісіне хабарлады.

«Олардың ешқайсысы Қорғанбаев Ю-дың жақын туысы, жұбайы емес. Бір мекемеде басқа туыстарының жұмыс істеуіне Қазақстан Республикасының заңдары шектеу қоймайды. Бұл елді мекенде жалғыз мектеп болғандықтан, 2021 жылғы 11 қарашадағы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау ережелеріне сәйкес Ханарық жалпы орта мектебінің директоры Қорғанбаев Ю-ды ротациялауға болмайды. Қорғанбаев 2010 жылғы 27 желтоқсанда Ханарық мектебінің директоры болып тағайындалды. Оның туған ағалары мен әпкелері, әйелі, әйелінің жақын туыстары бұл мектепте ешқашан жұмыс істемеген және жұмыс істемейді», – деп жазылған Түркістан облысының білім басқармасының жауабында.

Жергілікті телеарнаның мәліметінше, мектеп директорының өзі мектептегі мұғалімдердің шамамен 80 пайызы оның туыстары екенін жоққа шығармайды.