«Малға қарап, темір жинаған»: Ұлытауда әйел асыранды үш баланы азаптаған
Сот әйелге 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады
Ұлытау облысының прокуратурасы балаларды шектен тыс пайдалану жағдайын әшкереледі. Ол асыранды балаларға мал бақтырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
2018 жылы шаруа қожалығының иесі "Өмірде қиын жағдайға тап болған балалар орталығынан" екі ағайынды мен олардың қарындасын патронаттық тәрбиелеуге алған. Бірақ жұмысшыларды жалдау шығындарын үнемдеу мақсатында балаларды пайдаланған.
Қамқорлық танытудың орнына, ол балаларды қорлаған. Олар ауыр жұмыстарды орындап, малға қараған және Жезқазғанда металлолом жинаумен айналысқан. Тәртіпке бағынбаған жағдайда, Сәдікова Р.Ж. оларды жүйелі түрде ұрып-соғып, моральдық тұрғыдан кемсітумен физикалық және психикалық азап шектірген.
Қатыгездік фактілері сотқа дейінгі тергеу және сот процесі барысында расталды. Кәмелетке толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сот Сәдікова Р.Ж.-ны балаларды азаптағаны және қамқоршы өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды.
2024 жылдың 11 шілдесінде сот Сәдіковаға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.