Квадроциклмен қыдыртып жүрген: СҚО-да атасы немересін өлтіріп алды
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу басталды
Солтүстік Қазақстан облысында атасы немересін квадроциклмен қыдыртып жүріп, өлтіріп алды. Ол аударылып кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Оқиға 19 қыркүйек сағат 10.30 шамасында Аққайың ауданында болған.
«56 жастағы ер адам өз үйінің ауласында "POLARIS" маркалы квадроциклді басқара алмай, аударылып қалған. Салдарынан квадроциклде отырған 4 жасар бала орталық аудандық ауруханаға түсті, өкінішке қарай ол алған жарақаттарынан қайтыс болды. Квадроциклдің жүргізушісі де орталық ауруханаға жатқызылды», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.