«Былықтың көкесі шығып жатыр»: Әнару Құрманәлінің адвокаты Жанқош Тұраровқа қатысты ақпаратпен бөлісті
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 қыркүйек, 2024
- 1.3k
Өзін боксшы зорлады деп айыптаған Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова Жаңқош Тұраровтың жауапкершілікке тартылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, Жанқош Тұраровқа қатысты іс аяқталмады, әлі де жалғасады. Тергеу тарапынан өрескел заңсыздықтар орын алған. Сонымен қатар адвокат сарапатаманың кеш жасалғанын атап, дәрігер-протологтың қатысуынсыз өткізілгенін жеткізді.
«Әнару Қалдыбекқызы Құрманәлінің Жанқош Тұраровқа қатысты жазған арызы бойынша қозғалған іс туралы біраз журналист хабарласты. Іс аяқталды ма, қалай боп жатыр деп сұрайды. Біраз адамның көкейінде де сол сұрақ шығар. Біршама тоқталайын. Іс аяқталған жоқ. Ешқандай татуласу туралы әңгіме де, ниет те жоқ. Әлі тергеу жұмысы жалғасып жатыр. Нақтысында тергеу органы сараптама қорытындысын күтіп отыр. Осы жерде тағы да ерекше тоқталып өткім келетіні – сараптама тағайындалғанда, тергеу тарапынан өрескел заңсыздықтарға жол берілген. Біріншіден, сараптама дәрігер-проктологтың қатысуынсыз өткізілген. Ондай зорлық жағдайында сараптама міндетті түрде дәрігердің қатысуымен жасалу керек. Екіншіден, сараптама кеш жасалған. Арыз бергеннен бес күннен кейін жасалған. Яғни тергеу тарапынан күдікті (күдікті де емес, куәгер етіп өткізген) жаққа жақтасу, тіпті ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРУ орын алған деп есептейміз. Ана жақтың шіреніп жүргені де осы себепті болса керек. Полиция мен ҰҚК-де “плотный” крышалары болса, кім болсын, солай шіренсе керек. Сараптаманы сатып алғандай, сөздері ірі, әйтеуір. Бізде сатылмайтын не қалды өзі?.. Бұл жерде біз барлық вариантқа моральды түрде дайын отырмыз. Сарапшыларды сатылды деуден аулақпын. Өз міндетін адал орындайтын мамандар аз емес қой. Жалпы айтылған сөз – деді адвокат.
Ләззат Ахатова тергеу құпиясын жариялай алмайтынын айтып, бірақ небір былықтардың шығып жатқанын жасырмады. Заңгер мақсаты біреудің айыбын ашу емес, әділетті жазасын алсын деген ниетпен күресіп жатқанын алға тартты.
«Сонша ұзатқандарына қарағанда, 28 қыркүйек күні бокстан өтетін бой ма, халықаралық жарыс па, сол өтсін деп отыр ма деген де ой бар. Сосын тағы бір айта кететін жайт – істі жүргізіп жатқан тергеуші де, тергеу бөлімінің бастығы да жұмыстан кетіпті. Таяуда. Бұл кездейсоқтық па, сәйкестік пе, түсінбедік. Әзірге айтарым осы. Тергеу құпиясын жарияламау туралы қолхат бергендіктен, көп нәрсе айта алмаймын. Әйтпесе былықтың көкесі шығып жатыр. Мен қазіргі кейбір танымал жастардан (актриса, әнші, блогер дегендерден) шошиын дедім, шын айтсам. Біз қайда кетіп барамыз деп, қанша күннен бері шокта жүрмін. Басқа да қылмыстар анықталып жатыр. Олар да уақытысында айтылар. Мақсатымыз – біреудің айыбын ашу, кедергі жасау емес, кім болса да, жасаған қылмысы үшін, біреудің тағдырымен ойнағаны үшін әділетті жазасын алу керек деген ниет», – дейді Әнарудың қорғаушысы.