«Есімнен танғанша көзімді көгертіп, қан қылып ұрып тастайды»: 53 жастағы шымкенттік үш айлық сәбиімен бірге келіншегін ұрып-соққан
Ер адамның анасы ұлының мұндай әдеті болмағанын айтады
Шымкентте 53 жастағы ер адам жас келіншегін ұрып, үш айлық сәбиін тұншықтырған. Қазір ер адам тергеу изоляторында жатыр. Алайда 23 жастағы келіншек күйеуінің бостандыққа шығып кетуіне алаңдайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиғаға қатысты тың ақпараттар «Көреміз» бағдарламасында айтылды Сол күні оқиғаны өз көздерімен көрген көршісі, ер адамның мас болғанын айтты.
“Кешке аулада отырғанбыз. Көршім хабарласып полиция қызметкерінің номерін сұрады. Мен бердім. Біраздан кейін не болды деп қайта хабарластым. Көршімнің қызынан оқиғаны естідім. Үш айлық баланың тірі немесе өлі екені белгісіз, күйеуі удай мас сол жерде қалыпты деді. Оқиға орнына барғанда күйеуі удай мас еді. Екі полицейге де көнбей әрең кетті. Келіншек нәрестесімен шықты. Баланың диагнозы бар екенін білмедік. Баланың басындағы жараларды көргенде тепкеннен деп ойладым. Келіншектің көзінен қан аққан кезде көзі ағып кеткен шығар деп ойладым”, – дейді көршісі Назира Муналиева.
Ер адам мен келіншек азаматтық некеде болған. Екеуіне ортақ үш айлық сәбилері бар. Бауыржан Жолдасов екі рет шаңырақ көтерген. Оның бірінші некесінен екі ұлы мен бір қызы бар. Ол 20 жыл автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген. Ал Ләйләнің алғашқы некесінен бір баласы бар.
“Ішпеңіз деп айттым. Баланы аяғыма тербетіп отырғанмын. Телефонмен біреуге хабарлас деді. Хабарласпаған соң, телефонын сындырып тастады да артынша мені ұра бастады. Үйге біреуді шақырдың ба деп ұрыс шығарды. Жұмыста болғанда да хабарласып қадағалап отырады. Жассың, мені тастап кетесің дейтін. Мені есімнен танғанша көзімді көгертіп, қан қылып ұрып тастайды. Одан кейін қызға тиісе бастайды. Қыздың арқасынан сабайды”, – дейді Ләйлә Нұртай.
Ер адамның анасы ұлының мұндай әдеті болмағанын айтады. Сондай-ақ, жас келіншегін ұрмады деп отыр.
“Бауыржан абақтыда жатыр. Мен баламды ақтамаймын, бірақ ондай әдеті болмаған. Өзінің отбасы бар, балалары бар, оларға мейіріммен қарайды. Олар 35 жыл отасып отыр. Біз Ләйләмен жүргенін үш айдан кейін естідік. Қыздарым Ләйләнің анасының үйіне барып, Бауыржанның отбасы бар деп айтуға бардық. Шешесі қызымды қайтара алмаймын деді. Ал Бауыржан бала-шағасын тастап, Ләйләмен кетті. Ләйлә ішеді. Балам оны ұрмадым дейді. Ләйлә жабыса бергеннен кейін, салып қалған көрінеді”, – дейді Бауыржанның анасы.
Бірінші әйелі де күйеуінің басын жас келіншектің айналдырып алғанын айтып, оның ешуақытта өзіне қол көтермегенін алға тартты.
“34 жыл бойы өмір сүрдік. Баланы ешқашан ұрған емес. Мүмкін әйелді ұрған шығар, бірақ балаларды ұрмайтын. Жас күнімде бірнеше рет ұрған, сосын ұрмады. Қайтып келсе Бауыржан қабылдаймын. Бұл қыз мені қинады”, – дейді Бауыржанның бірінші әйелі.