Қоғам

Ақтөбеде 92 жастағы кейуана 8 баласын сотқа берді

Алимент төлеуден талап қоюшының 4 баласы босатылды, себебі олар – зейнет жасында

Ақтөбеде кенже қызының қолында тұратын 92 жастағы кейуана алимент өндіру үшін қалған 8 баласын сотқа берді. Анасын көп жыл көрмеген, халын сұрамаған балалардың сотта келтірген дәйегін судья қабылдамай тастады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Сотта талап қоюшы өзінің «Батыр ана» әрі 92 жаста екенін, кәрілігіне байланысты көптеген созылмалы аурудан зардап шегетінін, қазір кенже қызымен тұрып жатқанын, бірақ оның тапқаны еміне жетпейтінін мәлімдеді. Сондықтан ол 5-6 жыл бойы көрмеген өзге 8 баласынан алимент өндіргісі келетінін жеткізді.

Сондай-ақ сотта кіші қызы анасына қамқор екенін дәлелдейтін бейнежазба ұсынды. Ал қалғандары кенже қыздың үйіне, анасына өздерін жолатпайтынын айтып ақталды. Алайда оны сот ескермеді, себебі қарсы уәждері өз дәлелін тапқан жоқ. Сот мұны міндеттерінен жалтарудың бір әдісі ретінде қарастырды. Істі қарау барысында жауапкерлер сотқа аналарына тең дәреже көмек беретіндері туралы шынайы және жеткілікті дәлелдемелер ұсынбады.

Алимент төлеуден талап қоюшының 4 баласы босатылды, себебі олар – зейнет жасында.

Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, 4 жауапкерден анасының пайдасына оны асырау мақсатында әрқайсысынан 7 АЕК-тен алимент өндірілді, – делінген Ақтөбе қалалық сотының хабарламасында.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.