СҚО-да 25 жастағы әйел гаражда босанып, баласын қағаз қорапқа салып кеткен
Әйел қансырап, жаны қиналған кезде дәрігерге өзі барып, бар шындықты айтқан.
Оқиға Ғабит Мүсірепов ауданында болған. 25 жастағы әйел жергілікті ауруханаға қан кетуіне байланысты шағыммен жүгінген. Дәрігерлер тексеру барысында науқастың бала босанғанын анықтап, полицияға хабарлаған. Полиция әйелдің сәбиді гаражда босанып, сол жердегі қорапқа салып кеткенін анықтады.
Нәресте шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған.
«Бала перинаталдық орталықта жатыр, қазір жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында. Әйел аудандық ауруханада жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық», – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Облыстық полиция департаменті аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«25 жастағы әйел Ғабит Мүсірепов атындағы орталық аудандық ауруханаға жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдің гаражда бала босанғаны анықталды. Бұл факті бойынша “қауiптi жағдайда қалдыру” бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, аталмыш бап бойынша 100 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту немесе қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.