Қостанайда бала магнитті жұтып көз жұмды: дәрігерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Балаға «балалардағы өңештің бөгде денесін» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларын бұза отырып, медициналық көмек көрсетілгені айтылды
Қостанай облысында үш жасар бала 10 магнитті жұтып қойған. Ауруханаға жеткізілген бала сол жерде көз жұмды. Бір айдан кейін дәрігерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы адвокат Дамир Хамитов Facebook парақшасында мәлімдеді. Ол ендігіде полицейлердің сотқа дейінгі тергеуді бастауына толық негіз барын айтты.
«Кішкентай Сашаның 10 магнит жұтып қойған өліміне қатысты дәрігерлерге қатысты Қостанай қаласының Солтүстік полиция бөлімінде ҚК-нің 317-бабының 3-бөлігімен ТЖД-да қылмыстық істің тіркелуіне қол жеткіздік. Енді сот-медициналық сараптамасы мен Фармацевтикалық бақылау комитетінің қорытындысы негізінде тиісті медициналық көмек көрсетпеген дәрігерлерге қатысты тергеу амалдары жүргізілмек. Бала өліміне кінәлілер жазасын алуы керек!», - деді ол.
Хамитов Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті өлім фактісі бойынша тексеру жүргізіп, балаға «балалардағы өңештің бөгде денесін» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларын бұза отырып, медициналық көмек көрсетілгенін анықтағанын айтты.
Еске салсақ, бұған дейін емдеу мекемесінің хирургиялық қызметінің басшысы науқасты емдеу кезінде дәрігерлердің қандай әрекетке барғанын айтқан болатын.
Кейінірек баланың анасы болған оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.