Астанада қараусыз ғимараттан мәйіті табылған оқушы қыз туралы тың дерек шықты
- автор kyn.kz
- 23 қыркүйек, 2024
- 352
Астанада қаңырап бос тұрған ғимараттан мәйіті табылған оқушы қызға қатысты тың дерек шықты, деп жазды Kyn.kz тілшісі qaz.ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
ПОЛИЦИЯ ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒА РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРЫП ЖАТЫР
Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мәлімдеді.
Ол бұл өлімді полиция жазатайым оқиға ретінде қарастырып жатқанын айтты.
Астана қаласы Байқоңыр аудандық полиция басқармасының қызметкерлері «қыз бала газға уланып, жүрегі аяқ асты тоқтап қалды» деген қорытындыны алға тартып отыр. Яғни, олар бұл өлімді жазатайым оқиғаға теңемек, Бала өлгеннен бері тергеу бір орнынан жылжыған емес. Қыздың ата-анасын «ертең хабарласамыз» деп алдай береді, - дейді Дина Таңсәрі.
Оның айтуынша, марқұм өлер алдында әлдекімнен қашып, әлдекіммен төбелесіп, жаны үшін арпалысқанын түсінуге болады.
Туған-туысы бірден полицияға қоңырау соққан. Ал, сағат түнгі он шамасында полиция телефон шалып, баланың мәйітін таптық деген. БАҚ өкілдерені «баланың мәйітінде зорлық-зомбылықтың ізі жоқ деген» ақпарат таратылды. Алайда, туған-туысының бізге жіберген суретінде оның қолында жара бар екені, әсіресе, екі алақаны мен жұдырығы қанағаны, шынтағы мен иығы қанжоса екені анық байқалады. Осыдан қарап-ақ өлер алдында ол әлдекімнен қашып, әлдекіммен төбелесіп, жаны үшін арпалысқанын түсінуге болады. Яғни, бұд жазатайым оқиға емес, - деп жазады Дина Таңсәрі.
БҰҒАН ДЕЙІН
14 жастағы оқушының денесі Астанадағы №5 мектеп-гимназия маңындағы қараусыз қалған ғимараттардың бірінен табылғанын жазған едік.
Оқушының денесі 10 қыркүйек күні кешкі сағат 9-дар шамасында бұрын балабақша болған, қазір маскүнемдер мен есірткіге әуес тұрғындардың ордасына айналған ескі ғимараттан табылған. Мәйітті сол жерден өтіп бара жатқан тұрғындар көрген. Артынша бірден полицияға хабарласады. Желідегі кей ақпараттарда марқұмның зиянды әрекеттерге әуес болғаны, көз жұмуына сол себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарапты. Жасөспірімнің әкесі бұған өкпелі. Қызының салауатты өмір салтын ұстанғанын айтады.
Қызымның мұнда қайдан тап болғанын білмеймін. Шын мәнінде не болғанын мен де білгім келеді. Қызымның қайтыс болғаны туралы айтқанда мен Қостанайда болдым. Төбемнен жай түскендей болды. Ол волейбол ойнағанды жақсы көретін. Зиянды әрекетін байқаған емеспін, - дейді марқұм оқушының әкесі Партак Александрюк.
Жасөспірімнің бұл ғимаратқа қалай тап болғаны әлі де жұмбақ. Әкесінің айтуынша, денеде ешқандай жарақат болмаған. Қылмыстық іс қозғалды. Баланың жақындары медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Ол, шамамен, 30-40 күннің ішінде дайын болады.
Қайғылы оқиға болған ғимараттың қараусыз қалғанына 5 жылдан асқан. Дәл қасында мектеп орналасқаннан кейін күндіз ішінде балалар ойнайтын көрінеді. Ал кешке қарай үйсіз жүргендер жиналып ішімдік ішіп, мазаны алады дейді тұрғындар. Бұған дейін де бірнеше рет қылмыс болғанын айтады.
Есірткі пайдаланады. Нашаны осында тығып кетеді. Ғимарат бірнеше рет отқа оранды. Қыздардың да зорланған кезі болған. Жанындағы мектеп оқушылары үшін алаңдаймыз. Кеше болған оқиға тағы да қайталануы мүмкін ғой, - дейді қала тұрғыны.
Тұрғындар осыған ұқсас жағдай бірнеше рет қайталанғасын жергілікті биліктен нысанды бұзып тастауды өтінген. Бірақ оған әлі жауап жоқ.