Экс-әкімнің ұлы 78 жастағы анасын ұрғаны үшін сотталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 23 қыркүйек, 2024
- 169
Қарағандының экс-әкімінің ұлы анасын қасақана денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қарағандының Қазыбек би аудандық сотында қылмыстық іс қаралды. Үкімге сәйкес, сотталушы 78 жастағы анасын өз үйінде аяусыз ұрып-соққан.
«Анасымен жанжал кезінде сотталушы оның басы мен денесіне қолмен және аяқпен ұрған. Жәбірленушіде бас миының шайқалуымен сипатталатын жабық бассүйек-бет жарақаты, оң көз ұясының бүйір қабырғасының сынуы, оң жақ бет сүйегінің доғасының сынуы, гаймор қуысының алдыңғы және артқы қабырғаларының сынуы және гемосинус дамуы, беттегі көгерулер, сондай-ақ оң жақ кеуде қуысының жабық соққы жарақаты – төрт қабырғаның сынуы, бірінші бел омыртқасының жабық асқынбаған компрессиялық сынуы анықталған», – делінген қылмыстық іс материалдарында.
Сотталушыға ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша («Қасақана денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру, кінәлі адам үшін дәрменсіз күйде болған адамға қатысты») айып тағылды. Прокурор үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленуші тарап та айыпталушыны үш жылға бас бостандығынан айыруды және талап-арызды қанағаттандыруды өтінді. Сотталушының адвокаты бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
«ҚР ҚК 107-бабының 2-бөлігі бойынша жаза үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Сот сотталушының жеке басын, кінәні жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, кінәсін мойындамағанын және өкінбегенін, жақын адамына – өз анасына қатысты дене жарақаттарын салғанын ескере отырып, орташа қауіпсіздік мекемесінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деп хабарлады Қарағандының Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сот сондай-ақ сотталушыдан моральдық зиян үшін бір миллион теңге және адвокат шығындарын өтеу үшін өтемақы өндіріп алды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.