Түркістан облысында кәсіпкер Тәжікстанға ет экспорттамақшы
Ет экспортынан Түркістан облысы елімізде бірінші орында
Аграрлық салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында мал шаруашылығы тұрақты дамып отыр.
Ет экспорты бойынша Түркістан өңірі республикада көш басында. Елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы Түркістан облысының еншісінде. Биылғы 7 айда 6,9 мың тонна ІҚМ, 4,7 мың тонна қой еті экспортталды.
Ет экспортын арттыруда Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, 8 айда «Тұран Агро Ет-Сүт» АШӨК-і 3500 тонна сиыр етін және 1560 тонна қой етін Өзбекстан еліне экспорттаса, «Қайып ата» ЖШС 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін Өзбекстанға, 118 тонна қой етін Иранға экспорттады.
«Қайып ата» ЖШС Тәжікстанмен 110 тонна ет экспорттау бойынша келісімшарт жасады. Экспорт осы айдан бастап жүзеге асырылады.
Республикалық делегацияның Австралия еліне жасаған іссапары қорытындысымен жалпы құны 55,2 млрд теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның ішінде, «Қайып ата» ЖШС 3 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ.