«Баламды жоғары сыныптың оқушылары ұрған»: Ақтөбеде көз жұмған оқушының анасы кінәлілердің жазасыз қалуынан қорқады
10 сыныптың оқушылары өздерінен төмен сыныпта оқитын оқушыларға әлімжеттік көрсеткен
2 қыркүйек күні Ақтөбе облысы Қопа ауылында 9 сынып оқушысы Нұржан Сыдықты жоғары сынып оқушылары соққыға жыққан. Салдарынан 14 жастағы бозбала оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі «Көреміз» бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұмның анасы Амангүл Раушанова кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қорқады. Себебі бұзақы балалардың ата-аналары мектепте мұғалім, енді бірі құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін көрінеді.
10 сыныптың оқушылары өздерінен төмен сыныпта оқитын оқушыларға әлімжеттік көрсеткен. Амангүл Раушанованың айтуынша, Нұржанды ұрған бес баланың үшеуі ғана қамауда отыр.
«Жалпы 19 бала деп отыр. Соның ішінде бесеуі ұрған. Бірақ істі болып ішінде отырғаны үшеуі ғана. Ал екеуі жүр», - дейді марқұмның анасы.
Сол жерде болған оқушылардың сөзінше, жоғары сыныптың оқушысы ұрған кезде Нұржан құлап қалған. 10 сыныптың оқушылары оларға ешкімге айтпауын бұйырып, қайтарып жіберген.
«11 сыныптың оқушылары қасында тұрып бұйрық берген. 10 сыныптың оқушылары аяған. Кейбіреулерінің ішінде інілері бар. Олар ақырын ұрса, «сендер олай ұрмаңдар» деп қайтадан өздері ұрған. Осылай ұрыңдар деп көрсеткен», - дейді анасы.