Қоғам

Қызылорда облысында ер адам 30 баланың көзінше 15 жастағы жасөспірімді ұрып өлтірген

Қазіргі уақытта жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Қызылорда облысының Кеңес ауылында ер адам 15 жастағы жасөспірімді ұрып өлтірді деген күдікке ілінді. Қазіргі кезде Абдулазиздің өлімі тергеліп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

“Президентке хат” телеграм арнасында жасөспірімнің ауылдастарымен болған сұхбат жарияланды. 

“Ұлымды Айбек есімді жігіт ұрған. 5 рет ұрған деп естідік. Одан кейін марқұм болған Абдулазиз деген баланы ұрған. Басқа ештеңе білмейміз”, – дейді үлкендер ұрып-соққан балалардың бірінің анасы. 

Жасөспірімдерді үлкендер аптасына екі рет жинап, оларға салық салатын болған. 

“Ол кезде “система” бар еді, қазір жоқ. Балаларды жинап, үлкенге сыйластық деген сияқты нәрселерді айтады. Үлкендер шақырғанда қасына жүгіріп бару, отырғанда отырып, ол тұрғанда бірге тұру керек. Күшігі боласың ғой”, – дейді жасөспірім. 

Сол күні оқиға орнында болған жасөспірім қатарласының қалай көз жұмғаны туралы әңгімеледі.

“Ол шыға алмайтын. Әпкесі мен әжесі бар еді. Сол күні папасы мен біреу келіп, шықпай қалды. Сол кезде Айбек неғып шықпадың деп сұрады. Біз сол күні түнгі 22:30-да біз қайтып кетткі. Айбек басқа баланы ұрып жатты, ал жанында Абдулазиз қарап тұрған, сол кезде “сен кино көріп тұрсың ба” деп оны бір ұрды. Содан кетіп қалды”, – дейді жасөспірім. 

Облыстық Полиция департаменті жасөспірімнің өлімі туралы ақпаратты растады. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылдың 22 маусымында Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық істі тіркеп, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Оның нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес қылмыстық іс жүргізу барысы жария етілмейтінін хабарлаймыз", - деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.