Мәдениет

«Үйден шығып бара жатқаны әлі көз алдымда»: Дана Нұржігіт әкесіне деген сағынышын жеткізді

Шашымды өріп, киімімді үтіктеп, тамағымды әзірлеп мектепке апаратын, жолшыбай кешегі өткен тақырыпты талқылап, миыма құйып беретін ұстаз еді

Тележурналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде марқұм әкесіне жазба арнап, қамқорлығын есіне алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Журналисттің әкесі мәдениет саласының дарынды ұйымдастырушысы болған. Өмірден небәрі 39 жасында озған.

«35 жыл… дәл осы күні Өмірбай әкем дүниеден озды. 39 жаста. Бары-жоғы 39! Дарынды күйші, дирижер, мәдениет саласының дарынды ұйымдастырушысы. Мемлекетшіл адам. Біз үшін ең мейірімді, ең қамқор әке. Шашымды өріп, киімімді үтіктеп, тамағымды әзірлеп мектепке апаратын, жолшыбай кешегі өткен тақырыпты талқылап, миыма құйып беретін ұстаз еді. Домбырасын алып, үйден шығып бара жатқаны әлі көз алдымда. Қаншама келіннің бетін ашып, той басқарып, жұртты ауызына қаратты. Жақсы-жайсаңдармен дос болды. Мәдени кештер ұйымдастырып, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев, «Тамашаның», Роза Рымбаеваның концерттерін ауылға қойды. Шопандар слеті, көркем өнерпаздар байқауына тума таланттарды ауылдан іздеп сахнаға шығарды», — деді ол.

Дана Нұржігіт әкесінің туын жықпауға уәде берді.

«Менің әкем «Мәдениет Майданының» сарбазы еді. Осыны көріп өскен мен қайда барамын?! Туыңды жықпау-міндетім, әке! Бір сәт те есімнен шыққан емессің! Мен – осы дүниеде жер басып жүрген өзіңмін!», -деп жазды журналист.