«Амандық Батталовтан аяғым ауыр боп қалды»: талдықорғандық әйел тосын мәлімдеме жасады
Амандық Батталовтан некесіз бала таптым деген Қарлығаш бұған дейін отандық телеарналардың біріндегі ток-шоуға шықпақ болған
Талдықорған қаласының тұрғыны Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтан 2012 жылы некесіз бала тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алайда бұрынғы шенеунік баласын әлі күнге дейін мойындамай, тіпті белгісіз адамдар әйелді қорқытып-үркітіп жүрген көрінеді.
NEGE сайты жазғандай, Амандық Баталовтан некесіз бала таптым деген Қарлығаш (өз өтінішімен есімі өзгертілді – ред.) бұған дейін отандық телеарналардың біріндегі ток-шоуға шықпақ болған екен. Бірақ әлдебір құдіретті күш телеарнаға қысым жасап, түсірілімді тоқтатып тастапты.
Оның сөзінше, Қарлығаш Баталовпен 2011 жылы танысқан. Ол кезде облыс әкімінің бірінші орынбасары болған.
"Мені көріп, біреу арқылы телефон нөмірімді алдырып, қайта-қайта телефон соқты. Мен ол кезде ажырасқан едім, екі кішкентай баламен қалғам. Жұмыссызбын. Балаларым кішкентай еді. Сол кезде «танысайық, кездесейік» деп ол кісі кездесуге шақырды. Келістім. Жүргізушісі келіп, мені алып кетті. «Казахстанская» көшесінде үйі болған, сол пәтеріне бардық. Сөйлестік, жақын таныстық. Ол кісі маған өте жақсы адам боп көрінді. Менің өмірбаянымды сұрады. Әке-шешем жоқ екенін, екі баламен күйеуім тастап кеткенін, біреудің үйін жинап, дәретханасын тазалап күнелтетінімді, тек тамаққа ғана ақша табатынымды, пәтер ақысын төлей алмай жүрегімді айттып, жыладым. Ол кісі маған «сен уайымдама, мен саған көмектесемін» деді", - дейді Қарлығаш.
Кейін Қарлығаш Баталовпен жақын қарым-қатынаста болған
"Ол кісіден қызыма аяғым ауыр боп қалды. Шынымды айтсам, ол кісіге айтпай, баланы алдырып тастасам ба деген ой болды. Өйткені ол – үлкен кісі, ал мен жаспын. Аяғым ауыр екенін айтсам қалай болады, туған-туыс, ел-жұрт не дейді деп қорықтым. Сөйтіп алты жарым айға дейін жүріп қалдым. Кейін баланы алдыруға барғанымда ол жердегілердің «баланы кесіп-кесіп сойып аламыз» дегенін естіп, жылап шығып кеттім.
Сол кездерде пәтер ақысын төлеуім керек болды да, телефонымды сатып, екі-үш ай телефонсыз жүріп қалдым. Кейін қызымды аман-есен босанып, жөргекақысына телефон сатып алдым. Сол кезде Амандық Ғаббасұлы «сенің нөміріңді әзер таптым» деп телефон соқты. Ол кісіге «сізге сюрпризім бар» деп едім, үндемей қалды, бірден түсінді. «Қыз тудым» дедім. «Мен қазір Алматыдамын, жақын арада келемін, кездесейік» деді ол кісі. «Жақсы» дедім. Бірақ содан кейін маған мүлдем хабарласпады", - дейді Қарлығаш.
Кейіннен Қарлығашқа қоқан-лоқы көрсетіле бастапты.
"Қызым бес-алты айлық болған кезде ол кісіге суреттерін жіберетінмін. Ештеңе айтпаймын, тек суреттер ғана жіберем. Ол кісі көреді, бірақ жауап бермейді. Кейін ол кісіге жазып, «қызыма тегіңізді беріңіз, қайта-қайта көмек сұрата бермеңіз» дедім. Сол кезден бастап түрлі қоқан-лоққы басталды.
2018 жылы біреулер телефон соғып: «Сіз мені тыңдаңыз, бұдан былай біздің көкемізге хабарласатын болсаңыз, балаңыздың аяқ-қолын сындырып, өртеп кетеміз», – деді. Балам есіктің алдында ойнап жүрген, қатты қорықтым. Жүгіріп балконға шығып, айқайлап баламды шақыра бастадым.
Сол кезде жаңағы адам екінші рет телефон соқты да, күліп тұрып:
«Не, қорқып кеттің бе? Бұл саған алғашқы және соңғы ескерту! Енді көкемізді мазалайтын болсаң, сенің да қол-аяғыңды сындырып, қаланың сыртына апарып көміп кетеміз, сені ешкім таба алмай қалады. Ұқтың ба?! – деді өктем дауыспен. Баламды алып кете ме деп «ұқтым» дедім. «Ұқтың ба?! Ұқтың ба?!» деп төрт-бес рет сұрады. «Ұқтым, ұқтым» дей бердім...", - дейді ол.