Қарағандыда зообақ қызметкерлері арыстанның екі күшігін сатпақ болған
Үш зообақ қызметкері клиентті тауып, күшіктерді сатпақ болғаы үшін жаза арқалады.
Қарағанды хайуанаттар бағының үш қызметкері арыстанның екі күшігін сатуға әрекет еткені үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты арыстанның екі күшігін ұрлап, сатпақшы болған қалалық хайуанаттар бағының үш қызметкеріне қатысты істі қарады.
Олар өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақта алдын ала сөз байласу арқылы Қазақстанның халықаралық шарттарымен реттелетін жануарды заңсыз сатуға әрекет жасады деп айыпталды. Белгілі болғандай, олар бұл қылмысты 2023 жылдың жазында іске асыруға әрекет еткен, бірақ бұл жайлы полиция қызметкерлері біліп қойған. Сотталушылардың кінәсі заттай дәлелдемелермен, куәгерлердің айғақтарымен және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен дәлелденген.
«Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде мына деректерді қарастырды: келген залалдың толық өтелуі, екі сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балалар бар, ал үшінші — 2 топтағы мүгедек. Сотталушыларда жазаны ауырлататын мән-жай жоқ», — деп хабарлады Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі.
Айта кету керек, сотталушылардың іс-әрекеттері арыстан күшіктерінің құнын анықтау бойынша сот-тауар сараптамасы жүргізілгеннен кейін қайта қаралып, залал көлемі үлкен мөлшерге жатпайтыны анықталды. Сондай-ақ жәбірленуші тарап залалды толық көлемде өтеуге және татуласуға байланысты осы бап бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдірді.
«Сот үкімімен айыпталушылар ҚР ҚК-нің 24-бабы, 2,3,4-тармақтарының 3-339-бөлігі 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оларға 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ оларға 2 жыл мерзімге жабайы жануарлармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды», — деп хабарлады Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі.