Экономика

Түркістан облысында шаруалар егінге суды үнемдеп қолдану әдістерін пысықтап жатыр

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірге Ақтөбе ауыл округіне барып, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарымен танысты.

Алдымен елді мекендегі «Мұрат» шаруа қожалығының жүгері алқабында болып, шаруашылық төрағасымен кездесті. Кәсіпкер Мұрат Нұрғали тамшылатып суғару технологиясының көмегімен 300 гектар жерге жүгері дақылын еккен. Су үнемдеу арқылы өнімділікті арттыруды мақсат еткен шаруа «Valley» компаниясымен коммерциялық ұсыныс жасасып, қажетті құрал жабдықтарын сатып алған. Сондай-ақ су жинайтын бассейн салып, тамшылатып суғару әдісі арқылы жүгеріден мол өнім алып отыр. Қуаттылығы 2400 тоннаны құрайтын шаруақожалықта 10 адам жұмыс істейді.

Аралау барысында аудан басшысы: «Ауданда су үнемдеу технологиясын пайдаланып көруге ниет білдірген шаруалардың қатары артып келеді. Бүгін біз бұл жобаның тиімділігіне тағы да көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Біздің мақсат суды үнемдеу арқылы су тапшылығының алдын алу және өнімділікті арттыру»,-деді.

Кездесуде кәсіпкер су үнемдеу технологиясын қолданудың тиімділігін айтып, егістік көлемін ұлғайту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

Биыл Отырар ауданында 35 мың гектар жерге егін егілген. Соның ішінде 826 гектары тамшылатып суғару әдісі, 354 гектары жаңбырлатып суғару әдісі, жалпы 1180 гектар жерге су үнемдеу технологиясы пайдаланылған.