Даладағы дәретхана мен ерте жастағы жүктілік: Түркістан облысында мектептерде тексеру жүргізілді
Мектеп директорының орынбасары жағдай туралы хабардар болғанына қарамастан, ешқандай шара қолданбаған
Түркістан облысы Келес ауданында 15 жастағы оқушы жүкті болып қалған. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сөзінше, зорлық-зомбылық салдарынан жүкті болып қалған қыз жыл басынан бері мектепке бармаған.
"Келес ауданында зорлық-зомбылық салдарынан 15 жасында бала көтерген қыз жыл басынан бері мектепке бармай отыр. Мектеп директорының орынбасары жағдай туралы хабардар болғанына қарамастан, ешқандай шара қолданбады және істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жібермеді", - деп жазды желідегі парақшасында.
Сонымен қатар, басқа да кемшіліктер туралы ол желідегі парақшасында тізімін жариялаған:
Сарыағаш ауданының ауыл мектебінде балалар омбудсменнің сауалнамасында да, анкета арқылы да буллинг және бопсалау туралы хабарлаған.
Төлеби ауданының ауыл мектебінде бір сыныптағы төрт бала оларды ұрып-соғатынын, үйде қатал қарым-қатынасқа тап болатынын жазған.
Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі баланы анасы базарға қалдырып, қайыр сұрауға мәжбүрлеген.
Ленгер қаласында 10 бала антисанитарлық және өмірге қауіпті жағдайда тұрып жатыр.
Б. Өтеп атындағы өнерге арналған арнайы мектеп-интернатта 200 балаға үш душ қана жұмыс істейтіні анықталған.